Имам Тирмизидің «Сүнәнінда» келтірілген хадисте Сахаба Абдулла ибн Мүғаффәл (р.а.) былай дейді:
عن عبد الله بن مغفل أن النبي صلى الله عليه وسلم نهى أن يبول الرجل في مستحمه وقال إن عامة الوسواس منه
«Алла елшісі (с.а.у.) кісінің өзінің шомылатын жеріне дәрет сындыруын тыйды және күмәннің көбі содан деді».
Хадистегі «шомылатын жер» деп, дәл шомылатын орын айтылуда. Одан бөлек, унитаз да, душ та бір жерде орналаспасын дегендік емес. Унитаздың да, душтың да бір жерде орналасуының әбестігі жоқ.
Ислам діні тазалық діні және мәдениеттілік діні. Алла елшісі (с.а.у.) көптеген хадистерінде тазалық пен мәдениеттілікке баулып отырған. Мәдениеттілік - тазалықтан басталады. Алайда тазалықтың да мәдениеті, әдебі мен тәртібі бар. Соның бірін жоғарыдағы хадистен ұғып отырмыз. Мұсылман өзінің шомылатын жеріне шомылып жатып дәрет сындырмауы керек екен, олай істеу - мәкруһ. Себебі, әжетін өтейтін орын басқа, шомылатын орын басқа. Әр нәрсенің тәртібі болатыны секілді, мұның да тәртібі барын Пайғамбарымыз (с.а.у.) бізге ұқтыруда. Егер, шомылатын жерімізді де әжетханаға айналдырсақ, ол кезде тазалықтың да мағынасы кемиді, мәдениеттіліктің де. Сол себепті, мысалы, душқа шомылатын мұсылман кісі унитазға әжетін өтеп келіп, сосын душқа түскені жөн, ал душта дәретімді сындыра саламын деу жарамайды, олай істеу - Исламдағы шомылу мәдениетіне, яғни, әдебіне сай емес.
Және хадистің жалғасында «күмәннің көбі содан» деді. Бұл сөзден екі нәрсені ұғуға болады:
- Біріншісі - шомылып жатып дәрет сындыру денеңіздің бір жеріне тиіп "ол жер жуылды ма, жоқ па" деп күмәнға түсуіңіз.
- Екіншісі - күмәншілдік дертке шалдығуыңыз. Құдай сақтасын, адам баласы күмәнға бір бой алдырды ма, шайтан лағынет оны сол жөнінен азғыра беретін болады. Соның кесірінен арты "күмәншіл дертіне" шалдығып, дәретін он рет алып, намазын бірнеше рет қайталап оқитын күйге душар болады. Мұндай психологиялық күйзелістің бір себебі шомылатын жеріне дәрет сындырғаннан пайда болған болуы иқтимал.
Қорыта айтқанда, Исламдағы шомылу мәдениеті бойынша душқа түсетін мұсылман, барынша әжетін унитазда өтеп, душта шомылғаны дұрыс. Душты да әжетін өтейтін жерге айналдырмағаны жөн. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!
Абдусамат Қасым