Намазды бұзатын жағдайлар (1 бөлім)
Намазды бұзатын жағдайлар (1 бөлім)
3 жыл бұрын 5973

Ханафи ғұламасы Имам Шүрунбүләлидің «Нұруль Изах» атты кітабында намазды бұзатын жағдайлардың санын 68-ге жеткізген. Олар төмендегінше:

1) Сөз. Қателікпен, абайсызда болса да ауыздан шыққан сөз намазды бұзады, мейлі мағынасы бар сөз болсын, мағынасы жоқ сөз болсын. Мысалы, «уа», «ее» десе намазы бұзылады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Сөз намазды бұзады, дәретті бұзбайды» - дейді. (Дәруқутний: «Сүнән»).

2) Намазда өз тілінде дұға тілеу. Мұны ғалымдар: "Адамнан да, Құдайдан да сұрауға болатын нәрсені намазда сұраса намазы бұзылады" деп түсіндірген. 

Мысалы: Аллаһым мені тамақтандыр, маған мына киімді киіндір, менің қарызымды өтеп бер, пәленшеге үйлендір т.б. деген сияқты. Ал тек Құдайдан ғана сұрай алатын нәрселерді намаз ішінде сұраса, намазы бұзылмайды. Мысалы: Аллаһым шипа бер, денсаулық бер, күнәмді кешір, ырзық-несібемді арттыр т.б. деген сияқты.  

3) Намазда біреуге сәлемдесу ниетімен «ассәләмуғалейкум» десе намазы бұзылады. 

Қателесіп болса да намазда тұрып біреуге сәлем беру намазды бұзады. Ал мысалы, соңғы отырыс екен деп қателесіп екі жаққа сәлем берсе, намаз бұзылмайды, өйткені ниеті «біреуге сәлем беру» емес, намазды аяқтау.

4) Біреудің сәлеміне сөз жүзінде жауап беру. 

Қателесіп болса да біреудің сәлеміне «уағалейкумуссәләм» деп жауап берсе, намазы бұзылады.

5) Біреумен қол алысып амандасса намазы бұзылады. Намазда тұрып, біреудің сәлеміне сөз жүзінде жауап қайырмай, қолын созып амандасса да намазы бұзылады.

6) Намазда көп қимыл жасау намазды бұзады. Аз қимыл намазды бұзбайды. Көп қимылға қатысты ғалымдар әртүрлі анықтама берген. Соның бірінде: сырт көзге «мынау намазда емес» деген пікір қалыптастыратындай қимыл жасаса, ол "көп қимыл" болып саналып, намазы бұзылады делінген.  

7) Кеудесі құбыладан ауытқыса намазы бұзылады. Алайда намаз оқып тұрғанда дәреті бұзылса, артық әрекет жасамастан, тіке дәретке барып, сырт дәретін жаңалап келіп, тоқтаған жерінен намазын жалғастыра алады.

8) Титімдей нәрсе болса да аузына салып жесе, намаз бұзылады. Ал, бірақ, намаздан бұрын жегеннен қалған аузындағы кішкентай (ноқаттан кішкене) тамақ қалдықтарын жұтса, оған намаз бұзылмайды.   

9) Тіс арасында қалып кеткен ноқаттың көлеміндей не одан үлкен тамақ қалдығын жеу намазды бұзады. 

Ал, ноқаттан (горох) кішкентай көлемдегісін жұтса немесе шайнаса намаз бұзылмайды.

10) Намазда тұрып бір нәрсе ішсе, намаз бұзылады. Мысалы, намазда тұрғанда біреу ұсынған сусыннан ұртап ішсе, намаз бұзылады.

11) Себепсіз тамағын қыру намазды бұзады. Ал бірақ тамағында бір нәрсе тұрып қалып, тамағын қырса, оған намаз бұзылмайды. Сондай-ақ, даусын дұрыстау үшін тамағын қырса, оған да намаз бұзылмайды.

12) «Үф» деп бір нәрсені үрлесе. Құлаққа естілетіндей «үф» деп топырақты немесе сәжде орнын үрлесе, намазы бұзылады.

13) Ыңырсу намазды бұзады.

14) Үһілеу, аһылеу намазды бұзады.

15) Дауыс шығарып жылау намазды бұзады. Бір жері ауырғаны себепті немесе бір нәрсеге қайғырып дауыс шығарып жыласа, намазы бұзылады, ал пейіш пен тозақты, қабірдегі жағдайды ойлап жыласа, намазы бұзылмайды.

16) Намазда тұрып, түшкірген біреуге «ярхәмукәллаһ» десе, Имам Ағзам Әбу Ханифа бойынша намазы бұзылады.   

17) «Алладан басқа тәңір бар ма?» деп айқалаған кісіге, намаз оқып тұрған екінші кісі: «Лә иләһә иллаллаһ» (Алладан басқа тәңір жоқ) десе, намазы бұзылады.

18) Намазда тұрып біреудің қазасына «Иннә лилләһи уә иннә иләйһи рожиъун» деу намазды бұзады. Намазда тұрып қаралы хабар естіген жағдайда «иннә лилләһи уә иннә иләйһи рожиъун» десе, намазы бұзылады.

19) Намазда тұрып сүйінші хабар естіп «әлхәмдулилләһ» десе намазы бұзылады.

20) Таң қаларлық бір нәрсе естіп, «лә иләһә иллаллаһ» немесе «сүбханаллаһ» десе намаз бұзылады.

21) Құрандағы кейбір аяттарды біреуге «жауап беру» мақсатында оқыса намаз бұзылады. 

Мысалы: намаз оқып тұрғанда, кітап сұраған біреуге жауап ретінде: «йә, Яхя, хузиль китәбә» деген аятты оқыса (уа, Яхя, кітапты ал, деген мағынада), намазы бұзылады.

22) Тәяммум алып намазға тұрған кісі су көрсе намазы бұзылады. Дәрет алатын су таба алмай, тәяммум алып намазға тұрған кісі, дәрет алатын су көрсе, намазы бұзылады.

23) Мәсінің уақыты бітсе. Аяғына киген мәсінің мәсіх тарта алу уақыты аяқталса, намазы бұзылады.

24) Мәсісін шешсе.

25) Құран оқи алмайтын бір кісіге намазда тұрып аят үйретсе.

26) Киім таппай намазды жалаңаш оқыған кісіге, ғауратын жабатын киім табылса, намазы бұзылады. Ғауратын жауып, намазын қайта оқуы тиіс.

27) Басымен ишара жасап оқып жатқан кісінің бойына рүкуғ немесе сәжде жасай алатындай күш пайда болса, намазы бұзылады. Қайтадан рүкүғ, сәждесін жасап оқуы тиіс.

28) «Тәртіп иесі» үкіміндегі адам намаз оқып тұрып өтелмеген қаза намазының барын есіне түсірсе. Бұл жағдайда қазасын өтеп, қайта уақыты кірген намазын оқуы тиісТәртіп иесі – мойнында алты намаздан аз өтелмеген қаза намазы бар кісі. Тәртіп иесі үкіміндегі адам алдымен қаза намазын оқып, одан кейін уақыты кірген намазын оқуы тиіс. Алты намаздан көп қазасы бар кісі «тәртіп иесі» емес.  

29) Намазда имамның дәреті бұзылып, орнына имамдыққа жарамайтын біреуді шығарса намаз бұзылады. Мысалы, құран оқи алмайтын біреуді шығарса немесе үзір иесін шығарса.

30) Таң намазын оқып тұрғанда күн шығып кетсе намаз бұзылады. Күн арқан бойы көтерілгеннен соң қазасын өтеуі тиіс. Бұл - таң намазына қатысты. Ал өзге намаздардың парызын уақыт шықпай тұрып бастап үлгерсе, келесі намаз уақыты кірсе де бастаған намазын аяқтауы тиіс. Уақыт шықпай тұрып бастап үлгергені себепті, ол намазы уақтылы оқыған болып есептеледі.

31) Айт намазын оқып тұрғанда «зәуәл уақыты» кіріп қойса. (Зәуәл уақыты – күннің тас төбеге келіп, батысқа қарай ауа бастаған сәт).

32) Жұма намазын оқып тұрғанда асыр намазының уақыты кіріп қойса.

33) Жарақатқа таңған таңғыш, жарақат жазылғаны себепті түссе.

34) Үзір иесінің үзірі тоқтаса.

35) Әдейі дәретін бұзса.

36) Немесе біреудің кесірінен дәрет бұзылса. 

Мысалы, намаз оқып тұрғанда соққы жеп немесе басына бір нәрсе түсіп, басы қанаса т.б. 

37) Намаз оқып тұрып талып қалса.

38) Жынданса.

39) Намазда ойлағаннан немесе қарағаннан ғұсылы бұзылса намаз бұзылады[1].

40) Намазда ер адам әйел затымен қатар тұрып қалып, араларын бөліп тұратын бөгет болмаса, ер адамның намазы бұзылады. Бір намазды әйел мен еркек қатар тұрып оқыса, ер адамның намазы бұзылады, ал екеуі екі бөлек намазды қатар тұрып оқыса, намазы бұзылмайды. Сондай-ақ, жаназа намазын әйел мен еркек қатар тұрып оқыса, жаназа намаз бұзылмайды. Және де әйел мен еркек қатар тұрғанымен, арасында бір адам сиятындай арақашықтық болса да намаз бұзылмайды.  

41) Сондай-ақ, имам боп тұрған кісі әйел затымен қатарласып тұрып қалса, қараймыз: егер әйел кісіге имам болатынына ниет еткен болса, ол жағдайда намазы бұзылады, ал әйел кісіге имам болатынына ниет етпеген болса, намазы бұзылмайды.

Жалғасы келесі жазбада: "Намазды бұзатын жағдайлар (2)"


[1] Имам Шүрунбүләли: «Нұруль Изах» - Бәбу мә юфсидус саләһ (намазды бұзатын жағдайлар бөлімі).

Дайындаған Абдусамат Қасым
 
 
0 пікір