Намазда имам болуға кім лайықты?
Намазда имам болуға кім лайықты?
2 жыл бұрын 8575
Дайындаған Абдусамат Қасым

Жамағатқа намаз өткізіп, оларға имам болудың да өзіндік жауапкершілігі бар. Себебі, имамның намазы – жамағаттың намазы делінеді. Имам қате оқыса, жамағаттың да намазы қате болмақ. Мәселен, имамның дәреті толық болмаса немесе намаз бұзар әрекетті білместіктен істеп қойса, не болмаса, сүрелерді мағынасы бұзылардай қате оқыса, бұл дегеніңіз - оның да және ұйып тұрған жамағаттың да намазы саналмайды дегенді білдірмек. Сондықтан, имамдыққа шығу да үлкен жауапкершілікті қажет етеді. 

Осыған орай, фиқһ кітаптарында имамдыққа лайықты кісілерді тәптіштеп түсіндіріп өткен. Мәселен, Имам Шурунбуләлидің «Нұруль Изах» кітабында имамдыққа лайықты жандардың ерекшеліктерін кезегімен тізіп өткен арнайы бөлім бар. Сондағы тізім бойынша, имамдыққа лайықты кісілерді кезегімен айтып өтелік. Олар төмендегідей: 

1) Үй иесі. Мысалы, бір мұсылманның үйінде қонақта болған кезде, намаз оқитын кісі үй иесіне имамдыққа шығуын ұсынғаны абзал, алайда үй иесі намаз өткізе алмайтындай күйде болса немесе өзі имам болуды басқаға ұсынса, ол басқа.

2) Билік иесі. Патша, уәзір, әкім, қазы т.б. мұсылман билік иесі, егер намаз өткізе алатындай білімді болса, имамдыққа шығуға лайығырақ. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Кісі өзінің патшасына имам болмайды және оның (патшаның) үйінде оның рұқсатынсыз қонақ орындығына отырмайды»[1] - деген.

3) Орталықтан тағайындалған имам. Мешіттегі бес уақыт намазды өткізуге ең лайықты кісі - мешіт имамы. 

Ендігі жерде, намазға жиналған жамағат арасында - үй иесі, мешіт имамы немесе билік иесі болмаған жағдайда, имам болуға ең лайықты кісі кезегімен келесідегідей: 

1) Ең білімдісі. Шариғат үкімдеріне қанық, соның ішінде дәрет пен намаз үкімдерін жақсы білетін білімді мұсылман өзгелерге қарағанда имамдыққа лайығырақ. Бұған қатысты хадисте былай делінеді: «Егер намаздарыңның қабыл болғаны сендерді қуантатын болса, имамдыққа ғалымдарыңды шығарыңдар. Олар – сендер мен Раббыларыңның арасындағы (бейнебір) делегация іспетті»[2]Тағы бір хадисте: «Сүннетті ең жақсы білетін адам жамағатқа имам болсын!...» делінген[3]. 

2) Құранды ең жақсы оқитыны. Егер шариғат ілімінде бәрі теңдей болса, ол жағдайда араларынан Құранды ең дұрыс оқитынын имамдыққа шығарады. Бұл жайында жоғарыда келтірілген хадистің жалғасында: «Егер сүннетте (білімде) бәрі тең болса, араларындағы Алланың кітабын ең жақсы оқитыны имамдыққа шықсын» - делінген[4]. 

3) Ең тақуасы. Егер ілімде де, Құран оқуда да бәрінің деңгейі бір болса, араларындағы ең тақуалысын шығарады. Бұған байланысты бір хадисте: «Ең қайырлыларың имам болсын» делінген[5]. 

4) Жасы үлкен. Егер ілімде де, Құран оқуда да және тақуалықта да теңдей дәрежеде болса, араларынан жасы үлкенін имамдыққа шығарады. Хадисте: «Оларға жас тұрғысынан ең үлкені имам болсын» делінген[6]. 

5) Ең әдептісі. Егер жоғарыда айтылған ерекшеліктер бәрінде табылса, араларындағы ең әдептісін имамдыққа шығарады. 

6) Көркем жүздісі. Егер жиналған адамдардың - ілім тұрғысынан, Құран оқу тұрғысынан, тақуалық пен жас тұрғысынан және әдеп тұрғысынан бәрі бірдей болса, араларынан көркем жүздісін имамдыққа шығарады. 

7) Ең тектісі. Сайып өтілген ерекшелікте бәрі бірдей болса, араларынан ең тектісін шығарады. 

8) Даусы әдемісі. Ол да болмаса, даусы әсем болғанды шығарады. 

9) Ең таза киім кигені. 

Егер, сайып өтілген ерекшеліктердің бәрінде жиналған жамағаттың бәрі бірдей деңгейде болса, араларында жеребе тастайды немесе жамағат қалағанын имамдыққа шығарады. 

Таңдау мәселесінде араларында талас туындаған жағдайда көпшіліктің таңдағанын имамдыққа шығарады. Ал егер жамағат, жоғарыда айтылған ерекшеліктерге сай ең лайықтысын имамдыққа шығармаса, әбес іс істеген болады[7]. 


 

[1] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім», № 673 хадис.
[2] Имам Табарани: «әл-Кәбир».
[3] Имам Ахмед: «Мүснәд»; Имам Табарани: «әл-Кәбир».
[4] Имам Ахмед: «Мүснәд»; Имам Табарани: «әл-Кәбир».
[5] Әл-Хәким: «әл-Мүстәдрак».
[6] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». №273. Бәбу мән Ахаққу биль Имәма.
[7] Имам Шүрунбүләли: "Нұруль Изах" - Фаслун фи баяниль Ахаққи бильимәмә.

 
0 пікір