Ислам экономикасында бөліп төлеу сауда-саттығын – «Бәйъут тақсит» дейді (تَقْسِيطٌ). Тақсит сөзі - араб тіліндегі «пай», «бөлік» деген ұғымды білдірер «Қист» сөзінен түрленген. Шариғаттағы мағынасы, өзінің аты да айтып тұрғандай, белгілі тауарды белгілі мерзімге дейін бөліп төлеуге сату.
Тақсит саудасының – «әл-Бәйъ ли-Әжәл» (төлемі кейінге қалдырылған сауда) немесе «әл-Бәйъ би-нәсиәтин» (несиеге тауар беру саудасы) деген баламалары да бар.
Бұндай сауда түрінде дініміз, сатушыға тауарды қолма-қол төленетін бағасынан қымбатірек сату құқығын таныған. Мысалы, қолма-қол ақшамен 3 000 000 теңгеге берілетін автокөлігін, тақситке (бөліп төлеуге) 3 500 000 теңгеге сатуына құқылы, тек бөліп төлеуге сататының және қаншаға сататындығын нақты айтылған болуы керек немесе келісімде нақты көрсетілуі керек. Дегенмен, сатушы тауардың құнын арттырмай сол бағада бөліп төлеуге сатса да ағаттығы жоқ, өз еркі.
Тауар құнын бөліп төлеудің уақыты – келісімге қарай өзгереді. Апта сайын немесе айма-ай төлеп тұруға келісуге болады, үш ай сайын төлеп тұруға келісуге болады немесе бір жылдан кейін бәрін бір-ақ өтеуге келісуілеріне болады т.б. Бұл - екеуара келісімге байланысты.
Бөліп төлеу саудасының үкімі
Төрт мәзхабта да бөліп төлеу (рассрочка) саудасына рұқсат және сатушы тауардың бағасын нақты ақшаға сатқандағы бағадан қымбатірек сатуына құқылы. Бастысы – сатушы мен алушы сауда қалай жүзеге асатындығына нақты келісім жасасқан болулары керек: нақты ақшаға болса, нақты ақшаға, бөліп төлеуге болса, бөліп төлеуге.
Тауарды әлгіндей сатудың халал екендігіне қатысты Құран аяттары мен хадис шәрифтерде дәлелдер бар.
Мәселен, Құран Кәрімде былай делінеді:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا تَدَايَنتُم بِدَيْنٍ إِلَىٰ أَجَلٍ مُّسَمًّى فَاكْتُبُوهُ
«Ей, иман еткендер! Егер белгілі бір мерзімге дейін бір-бірлеріңе борыштансаңдар оны жазыңдар...».
Аяттағы «белгілі мерзімге дейін борыштансаңдар...» деген сөз, тек ақшалай қарыз беруді емес, тауарды қарызға сатуды да қамтып тұр. Ал, тауарды қарызға сату ұғымына – «бөліп төлеу саудасы» да кіреді.
Сондай-ақ, «Сахих Бұхари» мен «Сахих Мүслім» атты хадис жинақтарында орын алған бір риуаятта, Айша анамыз (р.а.) былай дейді:
«Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір яһуди адамнан азық-түлікті несиеге алып, кепілзатқа темір сауытын тастады».
Аталмыш хадиске қарасақ, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бір затты несиеге алғанын, яғни, қарызға алғанын көріп отырмыз. Бұл да Исламда тауарды бөліп-төлеуге сатудың халал екендігін көрсетеді.
Демек, Ислам шариғатында "тақсит саудасының" үкімі, яғни, бөліп төлеу саудасының үкімі – мубах (рұқсат). Әрідесе, бұл сауда түрінде сатушы тауарын әдеттегі бағасынан қымбатырек сатуына құқылы. Бірақ, алушыға ол жөнінен хабардар етіп, қай бағаға алатыны жөнінде екеуара нақты келіскен болулары керек.
- Тақсит саудасында міндетті түрде тауарды әдеттегіден қымбат сатуы керек пе?
Әдеттегі бағадан қымбат сатуы шарт емес. Сатушы өз тауарын бөліп төлеуге сататын кезде әдеттегі бағасына сатса да, тіпті түсіріп берсе де өз еркі. Қалай болғанда да, арадағы сауда нақты келісілген болуы шарт.
- Исламдағы бөліп төлеу мен қазіргі сауда нарығындағы бөліп төлеудің айырмашылығы бар ма?
Исламда бөліп төлеу, басқаша айтқанда Исламдағы несиге зат сату түсінігі мен бүгінгі нарықтағы сауда орталықтарындағы несиеге зат сату түсінігі арасында үлкен айырмашылық бар.
- Исламда несиеге зат сату деген – алушыға тауарды қарызға сату дегенді білдірсе,
- Ал, қазіргі нарықта (немесе біздің елде), ол - "тауар алу үшін банктен несие рәсімдеу" дегенді білдіреді. Яғни, Исламда бөліп төлеу – араға банкті араластырмай, тікелей сатушының алушыға несиеге зат сатуы. Бұл – бір.
Екіншіден – Исламдағы бөліп төлеу саудасында алушы төлемді кешіктірсе, оған ол үшін өсімпұл (пеня) қосылмайды. Мұндайдың алдын алу мақсатында, сатушы тауарын сатар сәтте қосымша кепілгер болар адамды (гарант) талап етуіне құқылы немесе кепілзат қою шартын қоса алады. Алушы алған затын кепілдікке қоюына болады. Немесе алда-жалда алушы немқұрайлылық танытып төлемді төлемей жатса, ондағы «бөліп төлеу құқын» жойып, түгел соманы бірден өтеуін сот арқылы міндеттей алады.
Осы тұрғыда, дінімізде жағдайы келмей жатқан адамның төлеу мерзімін созуды сауап санайды.
Қорытынды:
Қорыта айтқанда, Исламдағы бөліп төлеу саудасында, яғни, Тақсит саудасында:
- Төлем уақыты ашық, айқын әрі белгілі болуы тиіс. Егер, айтылған уақытта кейіннен түсініспеушілікке апарар белгісізлік бар болса, сауда келісімі «фәсид» болады, яғни, келісімнің заңдылығы жойылады. Мысалы, төлем көктемге дейін өтелуі тиіс десе, бұл айтылған мезгілде нақтылық жоқ. Көктем мезгілі кеш шығуы мүмкін немесе көктем айлары – екі үш айдан тұрады, бұл айлардың қайсысы екені белгісіз т.б.
- Екі жақ (сатушы мен алушы) сауда келісімінің қай сипатта жүзеге асатынына нақты келіскен болулары керек. Егер, мысалы, сатушы алушыға: «қолма-қол алсаң мынанша ақшаға сатамын, ал бөліп төлеуге (рассрочкаға) алсаң мынанша ақшаға сатамын» дегеннен соң, нақты қайсысына келісілгені беймәлім күйде екеуі қол алысып айырылысса, сауда келісімі жүзеге асқан болып саналмайды.
- Затты сатып алушы келісімге сай тауардың құнын бірден төлемей белгіленген уақыт ішінде бөліп-төлеуіне құқылы.
- Сатушы төлем түгел төленіп біткенше тауарды өзінде сақтай алмайды, алушыға тапсыруы тиіс. (Бұл - бөліп төлеу саудасы мен несиеге тауар беру саудасына қатысты, ал қолма-қол саудада ақшасын бергенше тауарды өзінде қалдыруына құқылы).
- Бірақ, сатып алушы тауарды алғаннан кейін оны кепілзат (залог) ретінде сатушыға қалдыра алады.
- Сатушы алушыдан қосымша кепілгер болар адам (гарант) табуын талап ете алады.
- Алушы тарапынан төлем кешіккен жағдайда, өсімпұл (пеня) қосылмауы тиіс. Бұл - өсім.
- Сауда келісімі жасалар тұста сатушы тарапынан: егер төлем кешіксе, онда бөліп төлеу құқы жойылып, төленуі керек барлық сома бірден өтелуі тиіс деген шарт қоя алады.
- Егер алушы шынымен жағдайы келмей, белгіленген уақыт ішінде төлей алмай жатса, оған мәулет (уақыт) бергені сауапты іс.
- Сатушы тауардың бағасын қолма-қол сатқандағы бағасынан қымбатірек сатуына құқылы, тек онысын алушыға ескертіп, сауда келісімі қай сипатта жүзеге асатындығына екеуара нақты келіскен болулары шарт.
Алла саудаларыңызға береке бергей!
Пайдаланған әдебиеттер:
Проф.Доктор Уаһбату Зухайли (рахматуллаһи алейһи): «әл-Мұъамәләтуль Мәлиятуль Муъасыйра».
Шейх Мұхаммед Тақи Усмани (хафизаһуллаһ): «Фиқһуль Буйюъ».
islam.kz