Ислам экономикасындағы «Истиснаъ» келісімі
Ислам экономикасындағы «Истиснаъ» келісімі
3 жыл бұрын 3059
А. Қасым

«Истиснаъ» тілдік мағынада: біреуден бір нәрсе жасап беруді сұрау дегенге саяды. Оның фиқһтағы мағынасы: Белгілі бір затты белгілі бір түрде жасап беруін шеберден (жасаушы ұстадан) сұрау. Басқаша айтқанда: Ісмермен келісіп, белгілі бір затты жасауын оған тапсыру. Мысалы, әшекей бұйымдарын жасатуға тапсырыс беру, киім-кешек тігуге тапсырыс беру немесе көлік, ұшақ, кеме жасатуға тапсырыс беру т.б.

Тапсырыс алушыны: «Сониъ» дейді (жасаушы). Мысалы, ағаш шебері, темір ұстасы, аяқ киім ұстасы, әртүрлі өндіріс орындары т.б.

Тапсырыс беруші клиентті: «Мустасниъ» дейді (жасатушы, тапсырыс беруші).

Тапсырыс берілген затты: «Маснуъ» дейміз (жасалынған зат, тапсырыспен жасалынған зат).

«Истиснаъ» келісімі – келісімшарт сәтінде жоқ бір затқа тапсырыс алып, оны жасап беруді мойынға алу. Осы жөнінен алғанда, Истиснаъ келісімі - шариғаттағы «Сәләм» келісіміне ұқсас. Бірақ одан айырмашылығы: Сәләм келісімінде – ақы алдын-ала беріледі. Ал истиснаъ келісімінде болса, ақыны алдын-ала беру міндеттілігі жоқ және истиснаъ келісімінде дайындау уақыты мен қолға тапсыру уақытын белгілеу шарты жоқ, сондай-ақ, жасалатын заттың нарықта ұқсасы бар болу міндеттілігі қарастырылмайды. 

Ханафи мәзхабы бойынша, Истиснаъ деген – ұстаның жұмысын сату емес, жасалған заттың "өзін" сату болып саналады. Және де, бұл өзара уағда ғана емес, келісімшарт болып саналады.

Үкімі

Ханафи ғұламалары «истиснаъ» келісімін «истихсан» дәлелі негізінде әдет-ғұрыпқа сүйене отырып, әрі қоғамда ондай келісім түріне қажеттіліктің барын назарға ала отырып, рұқсат деген үкім берген. Және Ханафи мәзхабында истиснаъ келісімі «сәләм» мен «жалға беру» келісімдерінен бөлек, өз алдына бір келісім түрі болып саналады. Риуаяттарда Алла елшісі де (с.а.у.) жүзігін «истиснаъ» жолымен тапсырыс беріп жасатқандығы айтылады.

Шарттары

Ханафи мәзхабында «истиснаъ» келісімі үшін үш шарт ләзім:

1) Жасалатын заттың не екендігі, түрі, мөлшері және сипаты нақты, ашық-анық айтылу керек. Өйткені, ол да сатылатын зат есебінде. Сондықтан, анық, айқын болуы тиіс. Егер тапсырысқа берілген заттың аталмыш сипаттарының бірі белгісіз болса, мысалы, көлікке тапсырыс беріп, бірақ қандай марка екендігі келісімде айтылмаған болса, келісім бұзылады (фәсид болады). Өйткені, белгісіздік – келіспеушілікті тудырады, келіспеушілік – келісімді бұзады.

2) Жасауға тапсырыс берілген зат – адамдар арасында алыс-беріс жасалып, айналымда болған заттар болуы керек. Мысалы, әртүрлі дайын өнімдер, ыдыс-аяқ, әртүрлі көлік құралдары, киім-кешек т.б. тапсырыспен жасату әдетке айналған заттар.

3) Белгілі уақытпен шектелмеуі керек. Егер, "зат белгілі уақытта дайын болуы керек" деп уақыт қойған болса, келісім бұзылады да, ол «сәләм» келісіміне айналады. Бұл – Имам Ағзам Әбу Ханифаның тоқтамы. Оның қос шәкірті Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед (р.анһум) кейіннен бұл шартты заңды деп таппаған. Өйткені, ол екеуінің пікірнше, әдетте бір затты жасатуға тапсырыс бергендер уақытын белгілеп жатады, ол әдетке айналған іс. Адамдардың әдетке айналдырған ісі болғандықтан "уақыт қою" дұрыс болып саналады дейді олар. Қос ғұламаның бұл тоқтамдары – практикалық тұрғыда дұрысырақ деп танылған.

Келісімшарт

1) Келісімшарттың – зат жасалып бітіргенше міндеттілігі жоқ. Сондықтан жасалған затты көргенге дейін, екі жақ та келісімді өз күшінде сақтауға немесе келісімнің күшін жоюға (фәсх) құқылы.

2) Келісілген сипатқа сай жасап, оны тапсырыс берушіге әкелгеннен кейін, жасаушының беру не бермеу, қымбатырек сату не басқа затқа айырбаустау т.б. таңдау еркіндігі жойылады.

3) Тапсырушы (клиент) тапсырған затын көріп, өз қалауына сай жасалғанына көзі жеткеннен кейін, келісім "ләзім" күйін алып, қарсы тараптың ризасы болмай, клиент келісімді бұза алмайды.

4) Жасалған зат жасаушы тарапынан тапсырыс берушіге алып келіп ұсынылмайынша (көрсетілмейінше), ол затта тапсырыс беруші клиенттің әлдебір ақысы жоқ. Бұл дегеніміз, жасаушы жасаған затын тапсырыс берушіге ұсынбай тұрып, оны басқаға сатып жіберуге, ал оған басқасын істеп беруге құқылы.

0 пікір