"Ішімдіктің зиянсыз дозасы бар" деген аңызды ғылым жоққа шығарды
"Ішімдіктің зиянсыз дозасы бар" деген аңызды ғылым жоққа шығарды
4 жыл бұрын 6973 www.rbc.ru/
«Мас етуші ішімдіктердің бәрі харам. Көп ішкенде мас ететіннің азы да харам». Мұхаммед пайғамбар (ғалейһиссәләм).

"The Lancet" медициналық журналында  жарияланған зерттеуде «ішімдіктің кез-келген мөлшері денсаулыққа зиянды» екендігі айтылған. Бұл тұжырым – одан бұрындары айтылып келген «алкогольдің аз мөлшерін (күніне 1-2 стакан шарап) ішу қауіпсіз» деген уәжді жоққа шығаруда.

"Аз мөлшерде алкогольді ішу денсаулыққа пайдалы болуы мүмкін - деген кең таралған пікірді қайта қарау қажет" делінеді «Global Burden of Disease Study 2016» орталығының «The Lancet» журналында жарияланған зерттеуінде. 

«Біздің нәтижелеріміз көрсеткендей, ішімдіктің қауіпсіз мөлшері жоқ. Ішімдік ішу денсаулықтың нашарлауына алып келумен қоймай, оны өмір бойы бұзады, әсіресе ер адамдарда», - делінеді зерттеуде.

Зерттеу 1990-2016 жыл аралығында жүргізілген. Әлемнің 195 елінде 15-95 жас аралығындағы ер мен әйелдерге зерттеу жүргізген мамандар ішімдік ішудің олардың денсаулығына тигізер зиянын қарастырған. Зерттеудің мақсаты – денсаулыққа зияны тимейтін ішімдіктің ең төменгі дозасын анықтау еді. Нәтижесінде, мамандар «адам баласы аптасына 0 (нөл) грамм этанол тұтынған жағдайда ғана денсаулығына зиян тимейді» деген тоқтамға келген.

Аталмыш жазбада 2016 жылы алкогольдің кесірінен 2,8 миллион адам өлімі тіркелгендігі айтылады. Зерттеуге сүйенсек, ол, яғни, ішімдік 15 пен 49 жас аралығындағы адамдардың мерзімінен бұрын қайтыс болуына және мүгедек болып қалуына әкеп соққан басты фактор екен. Алкогольдің кесірінен қайтыс болу - барлық өлімнің 20% құраған екен. 

Ендеше, жүргізілген зерттеудің арқасында бұрын айтылып келген: «қалыпты мөлшерде ішімдік ішу - жүрек ауруы немесе қант диабетінен сақтануға септігін тигізеді» деген тұжырымды жоққа шығарып отыр. Сондай-ақ, бұрындары «күніне бір-екі стакан шарап немесе сыра ересек адамның денсаулығы үшін қауіпсіз» деп саналса, зерттеу оның да бекер сөз екендігі нақтылап отыр.

Жаңа зерттеудің авторлары үкіметтерге адамдарға ішімдіктен бас тартуға шақыру туралы ойлануға кеңес береді. 

Ендігі жерде, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләм: "көбі мас ететінінң азы да харам" дей келе, ішімдіктің тек фиқһи үкімін айтып қана қоймай, медициналық тұрғыда да "аз мөлшері зиянды" екендігін астарлап кеткен екен. 

Орыс тілінен аударған: islam.kz

0 пікір