«Ей, базар жұртшылығы! Пайғамбар мұрасынан құр қалдыңдар!» (оқиға)
«Ей, базар жұртшылығы! Пайғамбар мұрасынан құр қалдыңдар!» (оқиға)
3 жыл бұрын 3368
Нұғман Тұрғын

Имам Табарани (р.а.) өзінің хадистер жинағында мынадай бір қысқаша бір оқиғаны келтірген.

Ардақты сахаба Әбу Һурайра (радиаллаһу анһ) бір күні Медине базарының қасынан өтіп бара жатады. Кенеттен тоқтай қалып, базардағы саудагерлерге, жалпы базардағы жұртшылыққа былай деп жар салады:

- Ей, базар жұртшылығы! Неткен әлсіз едіңдер! – дейді.

Базардағы жұрт:

- Не боп қалды, уа, Әбу Һурайра? – деп сұрайды.

Әбу Һурайра (р.а.):

- Пайғамбардың мұрасын таратып жатқанда, барып өздеріңнің үлестеріңді алмай, мұнда не қылып жүрсіңдер? - дейді.

- Қай жақта таратып жатыр? – деп сұрайда жұрт жапатармағай.

- Мешітте таратып жатыр, - деп айтады Әбу Һурайра (р.а.)

Мұны естіген базардағылар асыға базардан шығып, жаппай мешітке қарай жол тартады. Әбу Һурайра болса сол жерде қалып, олардың оралғанын күтеді.

Біраз уақыттан кейін мешітке мұра аламыз деп кеткен жұрт қайтып оралады. Сахаба олардан:

- Не болды? – деп сұрайды.

Олар:

-  Уа, Әбу Һурайра, біз мешітке бардық. Ішіне кірдік. Бірақ ішінен бөлісіліп жатқан еш нәрсе көрмедік, - дейді өкініштен.

-  Ешкімді мешіттен көрмедіңдер ме? – дейді сахаба.

-  Көрдік.

- Кімді көрдіңдер?

- Намаз оқып жатқандарды көрдік, құран оқып жатқандарды көрдік, халал мен харамды айтып, бір-бірімен мәлімет бөлісіп отырғандарды көрдік, - деп жауап береді олар.

Сонда Әбу Һурайра:

- Сендерге, нендей өкініш! Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұрасы деген сол нәрселер ғой,- деген екен абыз сахаба[1].

«Шынмәнісінде, пайғамбарлардың қалдырған мұрасы динар мен дирхам емес. Пайғамбарлардың қалдырған мұрасы – ілім. Кім одан бір нәрсе алған болса, мол үлес алған болады». Хадис шариф[2].

[1] Имам Табарани: «әл-Аусат».
[2] Ибн Хаббан. Сахих.

0 пікір