Жалпы, төркіндеуді түбегейлі ұмытылды деп айтуға да келмейтін болар, десек те ертедегі қазақ қыздарының төркіндеуі өзгеше болған. Олай дейтініміз, қазіргі заманда ұзатылған қыздардың арада жыл салып қана өз жұртына баратыны сирек.
Тарих тармақтарына көз жүгіртер болсақ, төркіндеу - қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі.
"Төркіндеу" дәстүрінің атауы "төркін" сөзінен шыққан. Яғни, ұзатылған қыздың төркін жұртына арнайы баруы. Ертеде қазақтар төркіндеп келген қызы үшін арнайы дастарқан жайып, қыздың барлық туған-туысы оны қонаққа шақырып, құрмет көрсетіп, қалаған затын беріп, риза етіп аттандыруы тиіс болған.
Тарихи мәліметтерге қарағанда, төркіндеу әр қыздың парызы саналған. Сонымен қатар, ертеде қазақтарда қыздың бір рет қана төркіндеп баруына хақысы болған. Төркіндеу әйелдерге ғана тән ғұрып.
Бұл дәстүр бойынша, ұзатылған қыз бір жыл өткеннен кейін ғана төркініне барып-қайтатын болған. Егер бір жыл өтпей төркіндесе ол жаман ырымға баланған. Ертеде қазақ қыздары өлім-жітім, той-томалақ, ас бергенде болмаса, бір жыл толмай төркініне бармаған.
Сонымен қатар, қазақтар төркінге жалғыз күйеу баланы сопитып ертіп баруды ерсі көрген. "Сәби көтеріп төркіндесе, әдемі жарастық, жақсы жол болады" дескен. Үшеулеп келген күйеу, қыз, жиенге арнап ақ сары бас қой сойып, үлкен той жасап беретін болған.
Қазақтар күйеу бала мен қызға, балаға төс, асықты жілікті арнайы асқан. Кетерінде жиенге қырық шұбар тай (кей жерде қырық серкеш), қызына бұзаулы сиыр атап, күйеуге шапан жауып, ат мінгізген.
Қазақтар қызына сыңар мал бермеген, жағдайына қарай құлынды бие, қозылы қой, боталы түйе, лақты ешкі берген. Онысы - "қуыс үйден құры шықпасын", "бала жолы - бал" десе, енді бір жағынан сыңар мал бермеуі - қызымыз сыңар қалмасын, дәні арылмасын, жан жарынан айырылмасын, ылғи да жұп жүріп, ұрпақты болсын дегені. Ал жыл өтпей, уақыт жетпей төркіндетпеуі - ұзатылған қыз жат жерге бауыр бассын, үйіне қайта берсе, төсегінен суып қалмасын деп отбасына сүйспеншілігі артсын дегені.
Қазір елімізде ажырасатындар көп, бәлкім төркіндеу дәстүрі жаңғырса жастар арасындағы бұл проблемаға оң әсерін тигізер ма еді?!