Қазақ жақсы көрмейтін оғаш қылықтар
Қазақ жақсы көрмейтін оғаш қылықтар
7 жыл бұрын 6465
Айып НҮСІПОҚАСҰЛЫ

Қазақ халқы мынадай қимыл-қылықтарды қатты жек көреді:

1. Туыс-туғандары қиындық көріп жатқанын біле тұра (пайда келмейді деп) білместікке, көре тұра көрместікке салып, қаймана біреуді атақ-даңқ, шен-шекпені үшін «бауырым, жегжатым екенсің» деп оған мал-дүниесін тықпалап, жағымпазданып ағалап-жағалануды;

2. Біреудің айыбын бетіне басып, күле кіріп, күңірене шығатын қара ниеттілік пен екібеткейлікті;

3. Өз елі, өз жері, өз қасындағы білімді, өнерлі, шешен, шебер адам- дарын менсінбей, сыртынан келіп көсемсіген көк езулерге таңғалыптабынып, мақтап-марапаттап, жыртысын жыртып, шашбауын көтергендерді;

4. Адамгершілік, ар-ұят пен халықтық салт-дəстүрден аттап, əулиедей ақсақалдары мен ардагерлерін қайырып қойып, шен-шекпенділерді құрақ ұшып күтіп, құрша жорғалағандарды;

5. Былық пен шылыққа белшесінен батып жүріп, сүттен ақ, судан тұнық кісіше көп алдында «адал болыңдар, арлы болыңдар, əйтіңдер, бүйтіңдер» деп ақыл айтып кісімсінген шенділерді;

6. Ең жақын адамдары мен жасы, жолы үлкен адамдарды қайырып қойып, бай-манаптар мен шен-шекпенділерді күтіп, сонысын мерей көргендерді;

7. Біреудің үйін, дүние-мүлкін албаты ақтарып, малын аралап санағандарды;

8. Туған халқының мал-мүлкі мен жер-суы талан-таражға түсіп жатқанын көріп, біле тұра, оны көрмей жəне оған жол берген, халықтың обал-сауабынан қорықпай, өзін тағайындаған ұлықтардан қорқып, ел мүддесін аяқ асты еткендерді;

9. Шен-шекпеніне буланып, шапанын желбегей жамылып, екі қолын жан қалтасына салып шіреніп астам сөз, асақы қылық істегендерді;

10. Ата-анасы мен халықтық салт-дəстүрін сыйламай, күйеуге қашып тиген қыз бен қыз алып қашып алған жігітті; сумақы қылық, суық жүрісті адамдар мен баласын тастай қашып, ата-аналық қарыз-парыздарын өтемеген əйелдер мен ерлерді;

11. Елге үрей салған, соғыс-жанжал тудырған, кісі өлтіріп, өрт қойып, у шашып, алдап-арбаумен шұғылданған алаяқтар мен бұзақыларды, ұрылар мен қарақшыларды;

12. Қайыр сұрауды, ата-анасына бейəдептік істегендерді.

Жаман қимыл-қылықтардан алыс жүру – адамдардың адамгершілік қасиетін жоғарылатады. Адамдарды ізгі ниетті, адал, арлы, жанашыр болуға баулиды. 

0 пікір