«Уа, Балам! Саңырау Хәтимнің мына ұлағатты сөздеріне құлақ салшы...»: Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (8 бөлім)
«Уа, Балам! Саңырау Хәтимнің мына ұлағатты сөздеріне құлақ салшы...»: Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (8 бөлім)
3 жыл бұрын 3805

УА, БАЛАМ!

Енді мына ғибратты әңгімені ақылға салып қарашы. Баяғыда Саңырау Хәтим деген кісі өткен (Хәтим әл-Асамм). Ол Шәқиқ әл-Бәлхидің (Ол екеуіне Алланың рахымы болсын) шәкірті тұғын. Бір күні ұстазы Шәқиқ, шәкіртінен былай деп сұрайды:

- Менің жанымда жүргеніңе отыз жыл болды. Отыз жыл ішінде не нәрсе түйдің?

- Алған ілімімнен сегіз пайдалы дүние түйдім. Ілім ретінде сол сегіз нәрсе мен үшін жеткілікті екенін түсіндім. Өйткені, құтылуым да, амандығым да сол сегіз нәрседе деп ойлаймын, - деп жауап береді Хәтим. «Олар не нәрселер?» деп ұстазы сұрағанда, Хәтим былай деп сайып өтіпті:

Бірінші түйген дүнием

Адамдарға назар аударып қарасам, әрбірінің сүйіп, ғашық болып, көңілі байланған нәрселері бар екенін көрдім. Жақсы көргендерінің кейбірі оған өлім төсегіне шейін жолдастық етеді. Кейбірі қабірінің шетіне шейін жолдастық етеді. Одан соң оны қабірінде жалғыз қалдырып, бәрі тегіс кейін қайтады. Ешқайсысы онымен бірге қабіріне кірмейді. Ойланып, толғанып, ақырында өз-өзіме айттым: «Кісінің жақсы көрген нәрселерінің ең абзалы – онымен қабіріне бірге кіріп, оған қабірінде серік болатын нәрсесі» дедім. Ойлана келе, ол нәрсенің  «ізгі амал» екенін ұқтым. Содан кейін қабірімде шырақ және мені жалғыз қалдырмайтын серігім болсын деп, ізгі амалдарды өзіме сүйікті нәрсе етіп алдым.

Екінші түйген нәрсем

Адамдардың өз құмарлықтарына еретіндіктерін және нәпсі қалауларына асығатындықтарын көрдім. Одан соң, Алла Тағаланың мына бір сөзін оқып, ойландым: «Ал кім Раббысының алдында тұрудан қорқып, нәпсісін қалауынан тыйса, оның барар жері  пейіш болмақ». («Назиғат» сүресі, 40-41 аяттар). Құранның ақиқат және рас айтатындығына көзім жететіндіктен, нәпсіме қарама-қарсы іс істеуге асықтым және онымен күресуге көштім. Нәпсім Аллаға итағат етуге ризалық танытып, оған бойсұнғанға дейін оның өз қалауымен жүруге жол бермедім.    

Үшінші түйген нәрсем

Адамдардың мал-дүниенің соңынан жүріп, мал жиып, оған айрылмастай жармасқанын көрдім. Одан соң Алла Тағаланың мына бір сөзін оқып, ойландым: «Қолдарыңда не бар болса, бәрі соңында таусылады. Алланың қолындағы нәрселер болса, қалушы (мәңгі таусылмайды)». («Нәхл» сүресі, 96 аят). Бұдан кейін барлық тапқан дүниемді, Алланың қасындағы қорым болсын деген мақсатта, Алла ризалығы үшін міскіндерге таратып бердім. 

Төртінші түйген дүнием

Жұрттың кейбірі өзінің атақ-абыройын – ру-тайпа, туған-туыстың көптігінде деп ойлайды, соны абырой көреді. Тағы біреулері атақ-абыройын байлық пен балаларының көптігінде деп ойлайды, сонысымен мақтанады. Және біреулері атақ-абыройды – өзге адамдардың дүниесін тартып алуда, оларға зұлымдық жасап, олардың қанын төгуде деп есептейді. Кейбір топ бар, атақ-абыройдың – дүние шашып, ысырап етушілікте және бекер мал шашпақта екендігіне сенеді. Оларға қарап, Алла Тағаланың мына бір аятын пікірледім: «Шынында Алланың қасында ең қадірлілерің – тақуаларың». («Хужурат» сүресі, 13 аят). Сөйттім де, тақуалықты таңдадым. Құран – хақ және рас, ал адамдардың ойлағаны мен санағандары – бәрі жалған әрі уақытша деп сенемін.

Бесінші түйген дүнием

Адамдардың бір-бірлерін жамандап, бір-бірлерін ғайбаттағандарын көрдім. Ол нәрсенің өзгенің байлығын, атағын және білімін қызғанғаннан туындағанын ұқтым. Одан соң Алла Тағаланың мына бір сөзіне ой жүгірттім: «Біз олардың әрқайсысына нәпақаларын осы дүниеде бөліп қойдық». («Зухруф» сүресі, 32 аят). Осы аятты оқыдым да әркімнің несібесі әзәлден Алла Тағала тарапынан бөлініп қойғандығын түсіндім. Одан кейін, ешкімді қызғанбайтын болдым, Алланың бөліп берген несібесіне ризалық танытатын болдым.

Алтыншы түйген дүнием

Адамдардың бір-бірлеріне белгілі бір мақсат үшін, белгілі бір себептің салдарынан дұшпандық жасайтынын көрдім. Одан соң Алланың мына бір сөзін пікірледім: «Шынында шайтан сендерге дұшпан. Оны дұшпан деп біліңдер». («Фатыр» сүресі, 6 аят). Аятты оқып, шайтаннан басқасын дұшпан деп санауға болмайтынын ұқтым. Сондықтан, шайтанды ғана дұшпан деп біліп, қалған дұшпандарды өз жайына қалдырдым (оларды дұшпан санамайтын болдым).

Жетінші түйген дүнием

Әрбір адамның ішіп, жемі мен нәпақасын іздеу ісінде бар ынтамен жүгіріп, аса ыждыһаттылық танытатыны соншалық, күмәнді әрі харам нәрселерге барып жатады, осылайша, өзінің абыройын төгіп, қадірін түсіріп жатады. Осыны көріп, Алла Тағаланың мына бір сөзіне ой жүгірттім: «Жер бетіндегі барлық жәндіктің ырзығы – Алланың мойнында». («Һүд» сүресі, 6 аят). Осы аятты оқып пікірлегенімде, менің нәпақам, ырзық-несібем Алланың мойнында, ол оған кепіл екендігін ұқтым. Сөйттім де, өзімді ғибадатқа беріп, құлқынымды одан өзгесінен тыйдым.

Сегізінші түйген дүнием

Әркімнің белгілі бір жаратылған нәрсеге сенім артқандығын көрдім. Кейбір адамдар динар мен дирһамға сенім артады, кейбірі мал-мүлікке сенім артады, кейбірі мамандығы мен өнеріне сенім артады, кейбірі өзі секілді жаратылғанға сенім артады. Содан кейін Алла Тағаланың мына сөзін оқып, ой жүгірттім: «Кім Аллаға тәукел етсе, ол оған жеткілікті. Алла Тағала әмірін сөзсіз орындаушы. Шынында Алла әр нәрсені өлшеп қойған». («Талақ» сүресі, 3 аят). Осы аяттан кейін Аллаға ғана сенім артып, оған ғана тәуекел еттім. "Ол маған жетеді" дедім, ол неткен керемет өкіл еді!» - деп Хәтим Асамм өзі түйген сегіз түрлі өмірлік ережені сайып беріпті. Шәкіртінің өзінен алған сегіз сабағын соңына дейін сүйсіне тыңдаған Шәқиқ, соңында былай депті:

«Уа, Хәтим! Алла саған тауфиқ сыйласын. Шын мәнісінде мен, Тәурат кітабын, Інжіл кітабын, Зәбур кітабын және Фұрқанды (Құранды) оқып, көп зерделедім. Сондағы ұққаным - аты аталған төрт қасиетті кітаптың төртеуі де сен айтқан сегіз ереженің төңірегінде топтасады екен. Кім осы ережелерді амалға асырса, аталмыш төрт кітаппен амал еткен болады», - деп қорытындылапты[1].

УА, БАЛАМ!

Осы екі қиссадан (біріншісі Шәләбидің әңгімесі) ұғуың керек нәрсе – аса көп ілім алуға мұқтаж емес екенсің. (Бастысы шариғаттың мақсатын түсініп, оның талап еткен нәрселерін іс жүзіне асыруың. Аз ілім үйреніп, оны амалға асыру арқылы Алланың ризалығына жетуге болады және маңыздысы, шегі жоқ мәселелерді жаттаудың орнына, олардың өзегін, әрі сүйенген негіздерін жадында сақтау керек, ілімнің өзегін білген кісі, көп нәрсені біледі-ауд.).


[1] Ибн Асакир: «Тәриху Димашқ»; Әбу Нәъим: «Хилятуль Әулия».

Абдусамат Қасым
 
 
0 пікір