(Жалғасы...)
УА, БАЛАМ!
Көз ілмей, қаншама түндерді ілім қайталаумен және кітаптарды ақтарумен өткіздің. Өзіңді ұйқыдан тыйдың. Оған итермелеген не нәрсе екенін білмеймін. Бірақ, егер ондағы ниетің - дүниеге қол жеткізу, пайда табу, мансабқа жету және қатарларыңның алды болу, олардан бір саты жоғары тұру болса, саған нендей өкініш! Саған нендей өкініш!
Алайда, мақсатың Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) шариғатын тірілту, мінез-құлықыңды дұрыстау және жамандыққа бұйыратын нәпсіңді сындыру болса, онда саған нендей қуаныш! Саған нендей қуаныш!
Шынында мына өлең жолындаға сөзді айтқан кісі қалай дәл айтқан:
«Сенен өзге үшін көз ілмеген көздер қасыретке ұшыраушы,
Сенен өзге үшін олардың жас төгуі бекершілік!».
УА, БАЛАМ!
Қалағаныңша өмір сүр, бәрібір (ерте ме, кеш пе) өлімді татасың. Кімді қаласаң оны жақсы көр, бір күні онымен қош айтысасың. Қалаған нәрсеңді істе, сөзсіз соңында әр ісіңнің қарымтасын аласың.
УА, БАЛАМ!
Кәләм ғылымын, Хиләф (логика, философия немесе пікірталас) ғылымын және медицина, әдебиет, шайырлық, жұлдыз ғылымы, риторика, синтаксис, морфология ғылымдарын үйренуден не пайда таптың, құр өміріңді өткізгеннен басқа? Алла Тағаланың ұлылығымен ант етейін!
Інжіл кітабынан Иса пайғамбардың мынадай бір сөзін оқығаным бар: «Бақилық болған адамның денесі табытқа қойылған сәттен бастап, қабірінің жанына алып келгенге дейін, Алла Тағала өзінің ұлықтығымен мәйіттен қырық сұрақ сұрайды. Әуелгі сұрайтыны: Пендем! Жылдар бойы ел-жұрт көретін бет-жүзіңді таза ұстадың. Менің көретін жерді бір сәт болсын таза ұстадың ба? Біз әр күні сенің жүрегіңе қарайтынбыз» дейді».
Алла Тағала былай дейді пендесіне: «Менің берген нығметіммен өмір кешіп жатсаң да, мен үшін емес, өзге үшін істейсің бе!?» дейді. Осыны естімейтіндей, құлағың ауыр ма?!
УА, БАЛАМ!
Амалға асырылмаған ілім – жындылық. Бірақ ілімсіз амал да болмайды.
Білгін! Бүгін сені күнәлардан қашыртып, итағатқа жетелемейтін (амал етілмеген) ілім, ертең (ақыретте) сені тозақ отынан ұзақтатпайды (аман алып қалмайды).
Егер бүгін білгеніңе амал етпесең және өткен күндердің күнәларына тәубе етіп, оларды қазір жуып-шаймасаң, ертең, қиямет күні: «Бізді кейін қайтар, жақсы амалдар, ізгі істер істейік!» - дейтін боласың. Сонда саған: «Ей, Ақымақ! Сол жақтан келіп отырған жоқсың ба!» - делінеді...
(Жалғасы бар...)
Имам Ғазалидің «Әйюһәл Уәләд» («Уа, балам»)
атты кітабынан. (Араб тілінде).