«Уа, балам! Бұл жолға түскен кісіге жол көрсетуші рухани ұстаз керек»: Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (9 бөлім)
«Уа, балам! Бұл жолға түскен кісіге жол көрсетуші рухани ұстаз керек»: Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (9 бөлім)
3 жыл бұрын 2720
Аударған Абдусамат Қасым

УА, БАЛАМ!

Қазір саған хақ жолында жүруші кісі үшін не қажет екендігін түсіндіріп берейін.

Біліп қой! Бұл жолға (сопылық жолына) түскен кісі - оны тәрбиелеп, бойындағы жаман мінез-құлықтардан арылтып, оның орнына көркем мінез қалыптастырар бір жол көрсетуші және тәрбиелеуші «мүршид» ұстазға мұқтаж.

«Тәрбиелеудің» мысалы егіншіге ұқсайды: егінші еккен егіні жемісті болсын деп, егінінің арасындағы өсіп шыққан тікенектер мен арам шөптерді жұлып тазалайды. Тура сол сияқты, бұл жолға түскен кісіге де оны тәрбиелейтін және Алланың жолына бастайтын бір рухани ұстаз міндетті түрде керек. Өйткені, Алла Тағала пенделерін өзінің жолына түсірсін, оларды тура жолға бастасын деп, Мұхаммед пайғамбарды жіберген (саллаллаһу алейһи уә сәлләм). Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) дүниеден өткеннен соң, оның орнын - орынбасарлары басты. Олар пайғамбардың ізімен халықты Аллаға қарай бағыттады.

Мүршидтің сипаттары (тура жолға бастайтын рухани ұстаздың сипаттары)

Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) орнын басуға лайықты мүршид ұстаздың ғалым болуы шарт. Алайда әр ғалым тура жолға салушы мүршид (шейх) болуға лайықты бола бермейді. Сондықтан да, кім көрінген өзін «мүршидпін» деп көкірек қақпасы үшін мен, мүршид болуға лайықты ұстаздың белгілерін жалпылама баяндап өтейін.

Тура жол көрсететін рухани ұстаз:

1) Дүние сүйіспеншілігі мен мансап сүйгіштіктен сырт айналған болуы керек.

2) Шейхтарының тізбегі Мұхаммед пайғамбарға дейін (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) үздіксіз жалғасқан көкірек көзі ашық, парасатты кісіге ерген болуы керек.

3) Және аз ішіп, аз жеп, аз сөйлеп, аз ұйықтап, оның есесіне намаз оқуды, садақа беруді, ораза ұстауды көбейтіп өзінің нәпсісін көркем түрде тәрбиелеген болуы керек.

4) Сондай-ақ, ол (яғни, мүршид) көкірек көзі ояу болған рухани ұстазына ере отырып – сабыр, шүкір, тәуекелшіл, яқин, жомарттық, қанағат, рух тыныштығы, мейрімділік, қарапайымдылық, білімділік, шыншылдық, ұят, уәдеде тұру, байсалдылық, арлылық, тұрақтылық, қырағылық т.б. сол сияқты көркем мінездікті өзіне ту еткен жан болуы тиіс.

Осындай болған жағдайда, ол мүршид Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) нұрымен нұрланған болады, ондай кісі – соңынан еруге лайықты. Алайда, ондай адамдар өте сирек кездеседі. Ондайлар «қызыл күкірттен»[1] де қадірлі, қымбат.  

Рухани ұстазына (мүршидке) құрмет

Кімнің бағына орай, аталмыш сипаттағы рухани ұстаз табылса және ол оны (шәкірттікке) қабылдаса, ол оны (яғни, рухани ұстазды) сырттай және іштей құрметтеуі ләзім.

Сырттай құрметтеуі – ұстазымен таласқа түспеуі, қате екенін біліп тұрса да ұстазына әр нәрсеге бір дәлел келтірумен шұғылданбауы, намаз уақыты кіргенде жайнамазын төсеп беруі, намазды аяқтағаннан кейін, жайнамазын жинап қоюы, оның қасында нәпіл намаздарды көп оқымау және шама-шарқынша рухани ұстазының тапсырған істерін орындау.

Ішкі қырметі – екі жүзді болмас үшін ұстазынан естіген нәрселерін (сөзін де, ісін де) сырттай қабыл етуімен бірге, іштей де жоққа шығармауы керек. Оған шамасы жетпесе, іші сыртына сай болғанға дейін, ұстазының сұхбатын тәрк етеді, сондай-ақ, жүректен адамның және жынның шайтандарының әсерін аулақ ұстау үшін бұзылған адамдармен бірге отырмауы керек. Осылайша, шайтани ластықтан (жамандық пен бүліктің кірлілігінен) тазаланған болады. Қай жағдайда да байлықты емес, кедейлікті таңдағаны жөн.  

 Сопылық жолының екі ерекшелігі

УА, БАЛАМ!

Білгін, сопылық жолының екі ерекшелігі бар:

1) Туралық (истиқомә).

2) Адамдарға деген байыптылық (Сукун).

Кім туралықтан айырылмаса және адамдарға әдепті болып, оларға жақсы мәміле жасаса, ол – шынайы сопы.

Туралық (истиқомә) деген не? Туралық – өзінің нәпсәни қалауларын, Алла Тағаланың бұйрықтары мен тыйымдарына пида ету (яғни, нәпсі қалауын тастап, Алланың тыйымын орындауды таңдау).

Адамдарға әдепті болу деген, ол – адамдарды өзіңнің жеке бас қалауының ығына жығу емес, керісінше өзіңді олардың (адамдардың) шариғатқа қайшы келмейтін қалауларының ығына жығу (яғни, халықтың мүддесі сенің мүддеңмен кереғар келіп қалса, халықтың мүддесін таңдауың керек).

"Әйюһәл Уәләд!"


[1] Қызыл күкірт: Орта шақтағы кезеңде өте сирек кездесетін химиялық зат, қызыл фосфор.

0 пікір