«Пенде істейтін амалын мына он нәрседен қорғауы тиіс»
«Пенде істейтін амалын мына он нәрседен қорғауы тиіс»
2 жыл бұрын 6570
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Біліп қой! Пенде істейтін амалында мына он нәрседен сақтанғаны жөн. Олар:

  1. Нифақ (амалдарында Алладан өзгеге жақын болуды көксеу).
  2. Рия (ақыреттік істері арқылы дүниелік пайданы көксеу).
  3. Халал-харамды айырмау (тәхлит).
  4. Міндетсіну (әл-мәнн).
  5. Қорлау немесе зәбірлеу (әл-әзә).
  6. Өкіну. Істеген сауапты ісіне өкіну (ән-нәдәмә).
  7. Өз ісіне тамсану. Өзіне және өзінің ізгі қасиеттеріне, істеген жақсылықтарына тамсану (әл-ъужб).
  8. Қапалану.
  9. Немқұрайлылық.
  10. Адамдардың сөгісінен қорқу.

Бұдан соң ұстазымыз шейх (Әбу Толиб әл-Мекки) аталмыш жаман қасиеттердің әрбірінің қарама-қайшысы болған жақсы қасиеттерді атайды, одан кейін жоғарыдағы он сипаттың іс-амалға тигізер зиянына тоқталып кетеді. (Ол былай дейді):

Нифақтың қарама-қайшысы – істейтін амалын Алла үшін істеу (амалда ықылас).

Рияның қарама-қайшысы – істеген ісінен сауап күту (сауап үшін істеу).

Халал-харамды айырмаушылықтың қарама-қайшысы – тақуалық.

Міндетсінудің қарама-қайшысы – істеген ісін Алладан деп білу (Алланың тауфиқ беруі деп білу).

Қорлаудың қарама-қайшысы – істеген амалын қорғау (сауабын жоятын әртүрлі жаман ниеттен қорғау).

Істеген ізгі ісіне өкінудің қарама-қайшысы – ізгілік жолда табанды болу.

Өз-өзіне таңданудың қарама-қайшысы – ізгі істі Алла Тағаланың арқасында орындағанын білу.

Қапаланудың қарама-қайшысы – жақсылықты ғанибет білу.

Немқұрайлықтың қарама-қайшысы – Алла Тағаланың оны сол іске бастауын, яғни, тауфиқты ұлы нәрсе деп білу (ол нәрсенің қадірін білу).

Адамдардың сөгісінен қорқудың қарама-қайшысы – Алла Тағаладан ғана сескену.

Енде жоғарыда аталып өтілген он сипаттың тигізер зияны жайында

Кейін тағы білуің керек болған мәселе:

Нифақ - істеген амалды жояды.

Рия - істеген амалдың қабыл алынбауын керек қылады.

Міндетсіну мен зәбірлік – сол сәтте жүректегі шынайылықты жояды, кей ғалымдарға қарағанда бұл екі сипат істеген амалына берілетін артық сауапты кетіреді.

Істеген ізгілігіне өкіну болса, барлық ғалымдардың пікірінше, істеген амалды жояды.

Өз-өзіне тамсану – істеген амалына берілер артық сауапты кетіреді.

Қапалану мен немқұрайлық – істеген амалының құнын жояды.

Ендеше, сенің міндетің – сайып өтілген қауіпті де, қатерлі кедергілерді жеңу болып табылады! Тауфиқ Алладан!1


1 Имам Ғазали: «Раузатут Толибин». Араб тілінде.

Аударған Абдусамат Қасым

0 пікір