Мүмін тозаққа түссе, оның иманы азабының жеңіл болуына септігін тигізе ме? (Әбу Ханифа мен шәкіртінің әңгімесі)
Мүмін тозаққа түссе, оның иманы азабының жеңіл болуына септігін тигізе ме? (Әбу Ханифа мен шәкіртінің әңгімесі)
5 жыл бұрын 3805
Абдусамат Қасым

Имам Ағзам Әбу Ханифадан бізге дейін жеткен тамаша кітаптың бірі - "Әл-Алим уәл-Мутааллим" атты кітап. "Ұстаз бен шәкірт" немесе "Білуші мен үйренуші" деген мағынаны білдіретін ол кітапта Әбу Мұқатил есімді кісінің Имам Ағзамға қойған сұрақтары мен Әбу Ханифаның берген жауаптары орын алған. Сұрақ-жауап түріндегі ұстаз бен шәкірт арасында туындаған сұхбатты оқып отырып, рухани лаззат аласыз. Сұхбат барысында шәкірттің ұстазына деген құрметін, оған көрсеткен кішіпейілдікті, сауал қою барысындағы көркем әдепті көріп риза болмау мүмкін емес...
Төмендегі жазбамызда сол сұхбаттан бір үзінді ұсынып отырмыз. Алла зейіндеріңізді ашсын!

Шәкірт (Әбу Мұқатил р.а.):
- (Тозаққа түскен) Мүмін жайында айтыңызшы, ол азапталған кезде, иманының оған пайдасы бола ма? Және де ол иман еткеннен кейін, ішінде иманы бола тұра азаптала ма?

Ұстаз (Әбу Ханифа радияллаһу анһ):
- Бұрынғы сауалдарыңда ұқсасы кездеспеген мәселе жайында сұрап тұрсың (бұрынғы сауалдарыңда мұндай сауал қойылмаған еді). Алланың қалауымен оларға да жауабын беремін (Уфтикә – пәтуасын берейін).

«Егер, мүмін азапталса оған иманы пайда келтіре ме және ішінде иманы бола тұра азаптала ма», деген сөзіңе келсек: иә, иманы пайда тигізеді. Оған азаптың ең қаттысын болдырмайды. Азаптың ең қаттысы кәпірге болады. Өйткені, күпірліктен (кәпір болудан) ауыр күнә жоқ. Ал иман еткен (жүрегінде иманы бар) мүмін болса, Алланы жоққа шығармаған, бірақ Алланың бұйырған кейбір істеріне бағынбаған. Мүмін азапталса, істеген (күнә) ісі үшін азапталады. Ол істемеген (күнәсі) үшін азапталмайды. Мысалы, адам өлтіріп, бірақ ұрлық істемеген адам сияқты. Ол адам өлтіргені үшін (ғана) жазаланады, (істемеген) ұрлық үшін жазаланбайды (сол сияқты, сауалдағы мүмін де жасамаған күпірлік үшін азаптың ең қаттысына душар болмайды). Сондай-ақ, Алла Тағала былай деген: «Сендер тек істеген істеріңнің ғана жазасын (қарымтасын) аласыңдар». (Ясин сүресі, 45 аят).

Науқас адамның сырқаты аз болса, ауырлығы да аз болады. Осы дүниеде азап шегіп, азаптың ең ауырынан арылса және (азаптың бір) түрімен азапталса, онысы ол үшін екі түрлі азаппен азапталғаннан жеңілірек. Тура сол сияқты, мүміннің де бір күнә үшін азапталуы, ол үшін екі күнә үшін азапталғаннан жеңілірек - дейді ұлық имам шәкіртінің жоғарыдағы сауалына. 

"әл-Алим уәл мүтааллим" атты кітаптан үзінді.


"Әл-Алим уәл-Мутәғаллим" атты кітаптан тәржімаланған мына тақырыптарды да оқи аласыз: 

0 пікір