Саудагерлердің «ақша шақыру» ырымы шариғатта бар ма?
Саудагерлердің «ақша шақыру» ырымы шариғатта бар ма?
3 жыл бұрын 7498

"Қазақ ырым етеді, ырымы кейде қырын кетеді"демекші, базарлардан күнделікті байқайтын көрініс жайлы сұрайын деп едім. Саудагерлерден киім-кешек не аяқ-киім алып болғаннан кейін, берген ақшаны: "Өтсін, өтсін", - деп бүкіл затқа ұрып шығады. Осыған шариғат не дейді? Бұны қарапайым логикаға салсақ: затының өтіуін Жаратушыдан емес, жаратылған заттан сұрауы ақылға сыйымсыз секілді.  Әбдісамат Әбдіш

Құрметті Әбдісамат Әбдіш! Әлгіндей ұғым шариғатымызда жоқ. Саудасы берекелі болсын деген кісі, шама-шарқынша садақа берсін. Садақа берекені арттырады. Жаратушы Иеміз Құран Кәрімде: «Алла өсімді жояды, (берген) садақалардың берекесін арттырады»[1], - деген.

Тағы бір аятта: «Кім бір жақсылық жасайтын болса, дәл соның он есе қарымы беріледі...»[2], - делінеді.

«Енді ондай әрекет жасаған кісіні күнәһар деуге бола ма?» дейтін болсаңыз, саудагерлердің «жұғысты болсын»  немесе «ақша шақырады» деген оймен, түскен ақшаны тауарларға ұрып шығуы қаншалықты күнә екені бір Аллаға мәлім. Бірақ  қате ұғым, пайдасыз наным деуге негіз бар.

[1] Бақара – 275 аят.
[2] Әнғам – 160 аят.

Абдусамат Қасым