Садақаны тек мұсылман пақырларға ғана беру керек пе?
Садақаны тек мұсылман пақырларға ғана беру керек пе?
3 жыл бұрын 1201

Ассалаумағалейкум! Ораза айында шама-шарқымша садақа бергенді дұрыс көремін. Сіздерден сұрайын дегенім, садақаны міндетті түрде мұсылмандарға ғана беру керек пе? Кенжебек

Уағалейкумуссалам, Кенжебек! Зекеттен бөлек садақаларды мұсылмандардан өзге діндегілерге беруге болады. Ал зекет тек шариғатта көрсетілген мұқтаж мұсылмандарға ғана беріледі. Себебі, Сахих Муслимде риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у) сахаба Муғаз ибн Жәбәлді Кітаб Иелерін Исламға шақыру үшін Иеменге жіберерде: «...Олар мұсылман болып, намаз оқығаннан кейін, байларынан алынып, (мұсылман) кедейлеріне берілетін зекетті Алла Тағала парыз еткендігін білдір!...»[1], – деген болатын.

Ал зекеттен бөлек садақаларды пақыр өзге дін иелеріне де беруге болады дегенге келер болсақ, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Қандай жақсылық жасасаңдар да қайтарымыз болады, еш әділетсіздікке ұшырамайсыңдар»[2] дейді. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздан келген бір риуаятта: «Өзге дін иелеріне де садақа беріңдер»[3], – деген. Осыған сүйеніп ғалымдарымыз зекеттен бөлек садақаларды өзге дін иелеріне беруге болады деген байламға келген.[4]

[1] Муслим, Китабуль Иман – №19-хадис.
[2] Бақара – 272 аят.
[3] Ибн Шәйба, Мусаннаф, Китабуз закат – (73) 1194 (1)
[4] Хидая, Китабу закат – 1/285; Биная – 3/462.

Абдусамат Қасым