Келіншегімнің әшекей бұйымдарынан зекет беріле ме?
Келіншегімнің әшекей бұйымдарынан зекет беріле ме?
1 жыл бұрын 2300

Ас-саламу алейкум! Келіншегімнің әшекей бұйымдары (сырға,сақина) нисап мөлшеріне жата ма?
Рахмет АЛЛА разы болсын! Нұрберген.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Ханафи мәзхабы бойынша, әйел кісілердің алтын және күмістен жасалған әшекей бұйымдары «нисаб мөлшеріне» жетіп тұрса, яғни, алтындары ең аз 85 граммға, ал күмістері 595 граммға тең келсе және арадан бір жыл өткен болса, оның 2,5 % пайызы зекет ретінде мұқтаж жанға берілуі керек. (85 / 2,5%= 2,125 грамм)[1].  

Алтын не күмістен өзге әшекей бұйымдарынының зекеті жоқ. Мысалы, инжу-маржан, алмаз, замартас, гауһар т.б[2]. Алайда, аталмыш әшекей бұйымдардың құны 85 грамм алтынға жетіп тұрса, пітір садақасын беру әрі құрбан айтта құрбан шалу уәжіп болмақ.

Сондай-ақ, алтын не күмістің сынамасы (проба) 500 ден төмен болған әшекейлерден де зекет берілмейді деуге болады (417, 370, 333 т.б). Өйткені, бұларда басқа метал басым. Бірақ, сату үшін алынған жағдайда, сауда тауары ретінде зекеті есептеледі.  

Осы орайда айта кету керек, келіншегінің әшекей бұйымдарын күйеуі өзінің зекетіне қосып есептемейді. Келіншегі өзінің әшекей бұйымдарының зекетін өзі бөлек есептеп береді.


[1] Қалған үш мәзхабта әйелдің қолданысындағы әшекей бұйымдарынан зекет алынбайды.
[2] Ибн Нүжәйм: әл-Бахрур Раиқ – 1/394 бет. 

Абдусамат Қасым