Құрбандыққа буаз мал шалынса, іштегі төлін не істемек керек? Құрбан шалу уақыты қанша күн?
Құрбандыққа буаз мал шалынса, іштегі төлін не істемек керек? Құрбан шалу уақыты қанша күн?
2 ай бұрын 1844

Ассаляму'аляйкум. Құрбандықты айттың төртінші күні асырға дейін союға бола ма? Бал-Мұхаммед.  

Ассалаумағалейкүм!
Құрбандыққа шалған сиыр буаз болып, сойғанда ішінен бұзауы шықса қалай? Құрбандық қабыл болады ма? Бахыт.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи мәзхабында Құрбан шалу уақыты – үш күн: Айттың бірінші күні, екінші күні және үшінші күні күн батқанша. Осы үш күн аралығында құрбан шалуға болады. Алайда, бірінші күні шалған – абзалырақ. Қалалы жерлерде және қала үкіміндегі үлкен ауылды жерлерде айт намазы оқылғаннан кейін шалынуы керек, айт намазы оқылмай тұрып құрбан шалынбайды[1].

Құрбандық малы буаз болса, не істейді?

Құрбан шалу үшін буаз малдарды таңдамаған абзал. Буаз емес малды шалған жақсы. Дегенмен, буаз да болса, құрбандыққа шалынған жағдайда онысы құрбандық ретінде саналады.

Буаз мал құрбанға шалынған жағдайда, ішінен төлі тірі шықса, анасы секілді ол да бауыздалып, еті таратылады. Бауыздаймын дегенше айт күндері өтіп кетсе, тірідей садақа етіп беріледі[2].    

Ал, төлі өлі шықса, Имам Ағзам Әбу Ханифа бойынша, төлдің еті адал емес, арам өлгенмен тең. Оның екі шәкірті Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед: «ондай кезде іштен шыққан төлге қараймыз» деген, -  егер ағзалары толыққанды жетілген болса, еті адал, өйткені анасының бауыздалуы – ішіндегі төліне де жарайды. Ал, ағзалары толыққанды жетілмеген болса, еті адал емес[3].

Кейде буаз мал құрбанға шалынбай тұрып, туып қалуы мүмкін. Мұндай кезде не істемек керек?

Буаз мал құрбан етілмей тұрып туған жағдайда, төлі де онымен бірге құрбандыққа шалынады. Бірақ шалынған төлдің етін иесі жемей, садақа етіп беруі тиіс. Егер, иесі етін жесе, сол жеген еттің құнын ақшалай садақа етеді. Дегенмен, төлдің өзін тірідей садақа етіп берген абзалырақ[4].


[1] Әл-Мәрғинәни: әл-Һидая.
[2] Әл-Фәтәуә әл-Һиндия – 5/372 бет.
[3] Әл-Мәусуғатул Фиқһия. 16/280 бет.
[4] Ибн Ғабидин: Роддуль Мухтәр. 9/467 бет.

Абдусамат Қасым