ҚАЗА ОРАЗАСЫНА ҚАТЫСТЫ ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР
ҚАЗА ОРАЗАСЫНА ҚАТЫСТЫ ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР
1 ай бұрын 5714

- Қаза оразасын қай кестеге қарап өтейміз?

- Рамазан айынан кейін оразаның қазасын өтейтін кісі күнделікті намаз кестесін негізге алады. Дәлірек айтқанда: таң намазы кірген уақыт - ауыз бекіту уақыты болмақ. Сол уақытқа дейін сәреңізді ішіп-жеуге рұқсат. Ал, күн толығымен батып, ақшам намазы уақытының кіруі - ауыз ашар уақытын білдіреді. 

- Қаза оразаға ниет қалай жасалады?

- Қаза оразасының ниеті алдыңғы күннің ақшам уақытынан бастап, ең кеш сәресі уақыты біткенге дейінгі аралықта жасалуы шарт. Арнайы ниет-дұғасы жоқ. Мәсәлен былай ниет етуіне болады: «Ниет еттім Алла ризалығы үшін осы жылғы Рамазан оразасынан қалған пәлен күндік (мысалы, алты күндік) қаза оразаларымның бірінші күнін өтемекке (немесе екінші, үшінші...), ХалисалиЛләһи Тағалә». Ауыз ашарда қазақшалап тілек-дұғасын жасауына болады.

Қаза оразаны қай уақытқа дейін ұстап біту керек?

- Ханафи мәзһабында Рамазан оразасының қазасын өтеу уақыты шектелмеген. Яғни, келесі рамазан айына дейін немесе үлгермесеңіз одан кейінгі уақыттарда өтей аласыз. Дегенмен, уақытты созбай тезірек өтеп алуға тырысқан дұрыс.

- Рамазан оразасынан қалған қазаларды да үзбей ұстау керек пе?

- Үзбей ұстау мәселесі – 60 күндік кәффәрат оразасына қатысты. Ал, қаза оразаларында үзбей ұстау шарты қарастырылмайды. Бөліп-бөліп өтеуге болады.

- Қаза оразасын әдейі бұзған жағдайда, 60 күн кәффәрат оразасын ұстау керек пе?

- Қаза оразаны әдейі, себепсіз бұзу – күнә. Әйтсе де, кәффәрат өтемейді. Сол күнді қайтадан ұстайды.

- Қаза оразасы бола тұра, нәпіл ораза ұстауға бола ма?

- Ханафи мәзхабы бойынша, болады. Дейтұрғанмен, алдымен қаза оразаны тезірек өтеп алу жағына мән берілген жөн.

- Қаза оразаны үш күн айт біткеннен соң ұстай ма?  

- Ораза айттың екінші күнінен бастап, қаза оразаңызды ұстай беруіңізге рұқсат.  

- Шәууәл оразасы мен қаза оразаларды бірге ниет етіп ұстаса бола ма?

- Екеуі екі бөлек ғибадат болғандықтан бөлек-бөлек ұсталады.

Алла жасаған құлшылықтарыңызды қабыл етсін! 

Абдусамат Қасым