Жұмыс орнында бастығымыз ауыз бекітуге рұқсат бермей жатыр. Не істесек болады?
Жұмыс орнында бастығымыз ауыз бекітуге рұқсат бермей жатыр. Не істесек болады?
5 жыл бұрын 6864

Ассалаумағалейкүм! Печенье заводында жұмыс жасайтын қыздарымыз ораза ұстаған еді. Бастықтары рұқсат бермеу себебінен және жұмыстарындағы әр екі сағатта «дегустация» жасаулары себепті оразаларын сақтап қала ала ма? Өтініш жауап беріңізші! Осы жерде істейтін қыздардың барлығы ораза ұстаған. Бәрі жауап күтуде.  Дегустация - әр екі сағат сайын дәмін көріп отыру деген мағына береді.

Әсемнұр Алматқызы. 

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәһу!

Құрметті сауал жолдаушы, бұл сауалыңызға байланысты екі түрлі жауап беруге болады:

Біріншісі – демалысқа сұрану. Болмаса, басқа жұмыс қарастыру.

Екіншісі – олар ақыға жалданған тұрақты жұмыскерлер болғандықтан, міндеттелген істерін ойдағыдай атқарулары ләзім. Өйткені, келісім шартта солай көрсетілген. Сондықтан да, ораза олардың жалданған істерін ойдағыдай орындауға кедергі келтіріп жатса, ауыз бекітпеулеріне болады. Кейіннен ұстамаған Рамазан айының оразасының қазасын өтейді.

Осы екі түрлі жауаптың қайсысын таңдайтындықтарын өздері шешер. Дегенмен, өзге жұмыс табылмай қиналып қаламын деушілер, екінші шешімді таңдап жатса, олар кейін отыз күн оразаның қазасын өтейді. Кәффәрат керек емес[1]. Әсіресе, дәл сіздердегідей, әр екі сағатта өнімнің дәмін татып отыруды қажет еттіретін жұмыс орнында жұмыс істеуге мәжбүр мұсылмандар үшін екінші жауап орынды деп есептеймін. Ертеректе жазылған фиқһ кітаптарындағы кейбір мәліметтерге қарасақ, ораза айында өзіне және отбасына жететін нәпақасы жоқ кісінің жұмыс істеуіне болатындығы, тіпті басқа жұмыс табылмаған адамға тапқан жұмысы ораза ұстауға мүмкіндік бермей тұрса, ауыз ашуына рұқсат етілетіндігі айтылған.   

Басқа бір мәліметте де: «әлдекім өзін белгілі уақытқа бір жұмысқа жалдаса және ол уақыты Рамазан айына тұспа-тұс келіп қалса, жұмыс беруші келісім шартты бұзуға ризалық танытпаған жағдайда ауызын ашуына болады» делінген[2].

Ханафи ғалымдарының бұл тұжырымын ораза ұстауы өзіне және жалданған жұмысына залалын тигізетіндігі анық білінген кісілерге қарасты айтылған деп қабылдаған дұрыс. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!



[1] «Қандай жағдайларда «ораза кәффәраты» қажет?» атты тақырыпты оқыңыз.
[2] Ибн Ғабидин: «Раддуль Мухтәр» – 3/401 бет. 

 
Абдусамат Қасым