Пайғамбарымыз қолды кіндіктің астына байламаған дейді?
Пайғамбарымыз қолды кіндіктің астына байламаған дейді?
10 жыл бұрын 12825

Ассаллаумағалейкум! Құрметті, «Әзірет Сұлтан» мешітінің және muslim.kz сайтының ұжымы, сіздерге зор алғыс айтам, еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер, Алла разы болсын сіздерге.
Мен қояйын деген сұрағым фикһ мәселесіне қатысты.
Өзім Имам Ағзам Абу Ханифа мазхабын ұстанам, бірақ осы жақында «сүннетпен» жүретін танысым: «Сахих Бұхариде хадистер бар, онда: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намазда қолын  кіндіктің астына байламаған, рукуғтан тұрған кезде қолын көтерген т.б.» деген хадистер бар», – деген еді. Осы хадистер Ханафи Мазхабында қандай себеппен алынбағанын түсіндіріп берсеңіздер нұр үстіне нұр болар еді! Ғани Иссаев

Уағалейкумуссалам! Ғани мырза, Алла сізге де разы болсын!

"Сахих Бұхари" атты хадистер жинағында «Пайғамбарымыз (с.а.у) қолды кіндіктің астына байламаған» деген хадис жоқ. Ондағы келген хадисте: «Намазда ер кісілер оң қолын сол қолының білегіне (Қолдың басы мен шынтақ аралығы[1]) қойсын деген бұйрық берілді адамдарға»[2], – делінген. Хадистегі «Зирағ (ذراع)» сөзі араб тілінде қолдың шынтағы мен ортаңғы саусақ ұшы аралығын білдіреді[3]. Яғни, аталмыш хадисте оң қолды сол қолға байлау турасында айтылғанымен, білектің дəл қай жеріне қойылатындығы нақты көрсетілмеген[4].

Ендеше, мәзһаб ғұламаларының бір ауыздан мақұлдауы бойынша, намазда оң қолды сол қолдың үстіне байлау – сүннет. Ал, оның қай жерге нақты байлау керектігі жайында нақты "сахих хадис" келмегендіктен, әр мәзһаб ғалымы жан-жақты зерттей келе, ең абзалын таңдаған. Осыған орай, Ханафи мәзхабында қол байлау – сүннет, ал кіндік астына қою – абзал[5]. Бұл тұжырымды қуаттайтын бірнеше дәлелдер бар.

Ал енді, «неге Ханафи мәзһабы кей хадистерді алмаған» деген сұраққа жауап бермес бұрын, аталмыш мәзһабтың хадис қабылдау талаптарына қысқаша тоқталып өткеніміз дұрыс болар.

Ханафи мәзһабы бойынша хадис үш түрге бөлінеді: 

Мүтәуәтір, Мәшһүр және Ахад хадистер.   

Мүтәуәтір хадис деп, Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бастап, соңғы естуші кісіге дейін жалған дейтіндей дәйекке жол бермейтін көпшілік тарапынан жеткен риуаятты айтамыз. Мысалы, бес уақыт намаздың оқылуы, зекеттің берілуі т.б.  

Мәшһүр хадис деп, алғашқы буын (сахабалар) хадис риуаят етушілердің саны аз болғанымен, кейінгі екінші және үшінші дәуірдегі (табиғин және атбәғут табиғин кезеңі) риуаят етушілердің қатары күрт көбейіп, мүтәуәтір деңгейіне жеткен хадисті айтамыз.

Ахад хадис деп, риуаят етушілердің саны жағынан алдынғы екі хадис (мүтәуәтір және мәшһүр) деңгейіне жетпеген хадистерді айтамыз[1].

Хадистің осы үшінші түрін қабылдауға қатысты Ханафи мәзхабының өзіндік талаптары бар. Олар қысқаша төмендегідей:

  1. Ахад хадистегі үкім Құран аяттары мен мүтәуәтир және мәшһүр хадистерге теріс келмеуі керек.
  2. Жалпылама Ислам қағидаттарына теріс келмеуі тиіс.
  3. Ахад хадисте қамтылған үкім көпшілікке қатысты дүние болмауы лəзім. Егер хадистегі айтылған үкім көпшілікке қатысты болған жағдайда неге бірен-саран сахабадан ғана бізге жетеді? Демек, оның үкімі не жойылған, не болмаса, Пайғамбарымыздың сөзі екендігінде күмән бар[2].
  4. Ахад хадисті риуаят еткен сахаба, өзі жеткізген хадистегі үкімге қайшы әрекет етпеген болуы керек. Сахаба өзі риуаят еткен хадистегі үкімге теріс әрекет еткендігі анықталса, оның әлгі жеткізген хадисі қабыл етілмейді. Неге десеңіз, аталмыш сахаба өзі риуаят еткен хадистегі үкімді жоятын одан да қуатты дәлел кездестірген болуы мүмкін[3].

Осыған орай, рукуғтан тұрғанда қолды көтеру жайында келген хадистер жоғарыда тізілген талаптардың соңғы екеуіне сай емес десек қателеспеспіз. Дәлірек айтқанда, үшінші мен төртінші бөлімде көрсетілген талаптарға (3 пен 4).

Біріншіден - рукуғта қол көтеру мәселесі көпшілікке қатысты дүние. Пайғамбарымыз намазды көпшілікпен оқыған. Осы тұрғыдан алғанда, оның бұл қимылын жалғыз-жарым сахаба емес, жүздеген адам жеткізуі керек еді. Басқаша айтқанда, бұл хадис ахад емес, мүтәуәтир дәрежесінде болуы тиіс еді. Демек, ол әрекеттің үкімі не жойылған, не болмаса, Пайғамбарымыздың кейде істеп, көбіне істемей жүрген әрекеті болуы мүмкін. Өйткені, Оның (с.а.у) рукуғта қолды көтергендігі жайында келген риуаяттармен қатар, ол әрекетті теріске шығаратын деректер де жоқ емес [4],[5].

Екіншіден - рукуғта қол көтеріледі деген хадисті риуаят етуші сахаба Абдулла ибн  Мәсғуд, Абдулла ибн Омар, Али ибн Әби Талиб сынды ғалым сахабалар өздері риуаят еткен хадистеріне өздері теріс амал еткендіктеріне байланысты деректер бар. Мысалы, «Сахих Бухариде» сахаба Абдулла ибн Омардан жеткен хадисте Пайғамбарымыздың рукуғқа барғанда және одан бас көтергенде қолын иық тұсына көтергендігі айтылады[6]. Бірақ, кейіннен аталмыш сахаба өзі жеткізген хадиске өзі теріс әрекет еткен. Мүжәһидтің айтуына қарағанда Абдулла ибн Омар намазда тек әуелгі тәкбірде ғана көтеретін еді. Оның бұл әрекеті әлгі өзі келтірген хадистің үкімінің жойылғандығын айғақтайды[7]. Әбу Дауідтің хадистер жинағында Әзірет Алиден жеткен хадисте Алла Елшісінің рукуғда қол көтергендігі жайлы айтылған риуаят бар. Әйтсе де, Әзірет Алидің рукуғдан кейін қолын көтермегендігіне қатысты дерек те жоқ емес. 

Біз жоғарыда аталмыш мәселе төңірегінде келтірілген хадистердің неге алынбағанын қысқаша әрі қарапайым түрде түсіндіруге тырыстық. Дегенмен, біздің айтқандарымызбен ғана шектеледі деп ойламауымыз керек. Осы жазбада келтірілген дәлелдер тек бергі беті ғана дегеніміз дұрыс болар. Ең дұрысын Алла біледі!

Сөзіміздің соңында сұрақтағы «сүннетпен жүретін танысым» деген сөз жайында да бір-екі ауыз айта кетелік. Бір қараған адамға әрі діни білімі таяздау мұсылманға Пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннетімен жүретіндер және Оның сүннетімен жүрмейтіндер деп екі топқа бөлінеді деген түсінік қалыптасады. Шындығында, олай емес. Пайғамбарымыздың сүннеті (қасиетті сөзі мен істері) барша мұсылманға ортақ. «Әһли сүннет уəл жамағат» жолының алғы шебінде тұратын төрт мәзхабтың да іргесі сол Құран мен Сүннетке негізделген. Мәзхаб ғұламаларының сүйенер негізгі іргелі дәлелдері төртеу: Бірінші – Құран. Екіншісі – Пайғамбарымыздың сүннеті. Үшінші – Ижма (әр кезеңдегі Ислам ғұламаларының бір мәселе төңірегіндегі үкімді бір ауыздан мақұлдауы). Төртіншісі – Қияс.

Бұл дегеніміз, бір мәселенің шариғаттағы үкімін анықтау үшін, әуəлі Құраннан іздейді. Құранда болмаса, сүннет-хадиске қарайды. Сүннетте табылмаған жағдайда қандай да бір кезеңдегі ғұламалардың сол мәселе төңірегінде ортақтаса берген пәтуалары бар ма, соны қарастырады. Одан да нәтиже шықпаса, қиясқа жүгінеді[13]. Үкім шығарудағы бұл ұстаным Пайғамбырымыздың Муғаз ибн Жәбәлға үйреткен тәлімінен шыққан[14]. 

Ендеше, өздерін «сүннетпен жүреміз» дейтін бауырлар мәзхабтың өзі сүннетке құрылғандығын біліп жүргендері жөн[15].

[1] Қазақ тілінің әмбебап сөздігі: «білек» сөзі.
[2] Сахих Бухари, «Әбуәбу Сыффатис Сала», №707-хадис.
[3] المعجم اللغة العربية المعاصر; الرائد
[4] Фатхуль Бари, «Әбуәбу Сыффатис Сала», №707-хадис түсіндірмесі.
[5] Мәбсут – 1/24 бет.; Бахрур Райқ – 1/528 бет
[6] Әбу Али әш-Шаши, Усуль әш-Шаший, 172 бет. Байрут.
[7] Әл-Кәнкәрхи, Умдатуль Хауаши – 178 бет.
[8] Доктор Сәлмән Ъабуд Яхя, Хабаруль Уахид ъиндаль Ханафия.
[9] Бухари – 84, 86-баб/736,737 хадис; Нәсәий - №1055хадис;  Дарими - №1255-хадис; Әбу Дауід – 118 баб т.б.
[10]Имам Бұхари, Құрратуль айнайн, №34 хадис.; Тирмизи сүнәні, 191 баб – №257 хадис; Имам Ахмад мүснәді - №3551 хадис.; Нәсәи – 332 бет/649-хадис; Тахауи, Шарху Мағанил Әсәр – 4/164 бет (Әл-Айни шархы т.б. .
[11]Жамиғу Сахихиль Бухари – 84-баб/736-хадис.
[12]Тахауи, Шарху Мағаниль Әсәр – 4/179 бет. (Әл-Айни, Нухабуль Әфкар шархы).
[13]Ғұлама Абдулуәһһәб Хәлләф, Ъилму Усулиль ФИқһ – 21 бет.
[14]Әбу Дәуід  сүнәні, «Бабу Ижтиһадир Рой-и филь Қадза», №3592-хадис.

Бұл мәлімет - 2013 жылы muslim.kz сайтында жария етілген жазбамның аз-кем өзгертіліп, қайта жария етілген түрі.

Абдусамат Қасым