Намазға келмей тұрып оқымаған (30 жылдық) намаздарымның қазасын өтеуім керек пе?
Намазға келмей тұрып оқымаған (30 жылдық) намаздарымның қазасын  өтеуім керек пе?
7 ай бұрын 6836

Ассаламуғалейкум! Намаз парыз болған уақыттан бастап каза болған парыздарымды өтеуге ниет етейін деп едім. Казір жасым 41 де. Намазды 39 жасымда бастадым. Каза болған парыздарымды қалай есептеуге болады?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ескі Ханафи фиқһ кітаптарында қаза намаздарына қатысты «жаңа қаза намаздары» және «ескі қаза намаздары» деген мағынаны білдіретін «әл-Фәуәиту әл-Хадисә», «әл-Фәуәиту әл-Қадимә» деген түсінік бар. Бұл түсінік - намаз бөлімінің «Сахибут тәртиб», яғни «тәртіб иесі» тақырыбында қарастырылған. Сонда Ханафи ғалымдарының бір сыпырасы "ескі қаза намаздарды" жоққа есептеген (мысалы, бір жыл не одан көп жылғы)[1].  

Осының негізінде айтар болсақ, сіздің намазға келмей тұрған кездердегі оқылмаған намаздарыңыздың (30 жылдық) қазасын өтеу шарт емес. Өйткені, мұнда қиындық бар. Алла пендесіне қиындық қаламайды, жеңілдік қалайды. Бұдан былайғы намаздарыңызға ұқыптылық танытуыңыз жеткілікті.

Дегенмен, «уақыт тауып өтеп тұрамын» десеңіз де артықтық етпейді. Ондайда, намаз уақыттарын шамалап есептеп, әр намаз соңында сол намаздың қазасын өтеп тұрсаңыз сізге жеңіл болмақ. Уақыты белгісіз болғандықтан ниетті "ең соңғы қаза болған намаз" деп жасайсыз. Мысалы: «Ең соңғы қаза болған пәлен намаздың (мысалы, бесін) қазасын өтемекке жүзімді бұрдым құбыла тарапына. Халисалиллаһи Таалә, Аллаһу әкбар» десеңіз болады.

Алла қабыл етсін!


[1] Әл-Айни: әл-Биная – 2/594 бет; әл-Маусули: әл-Ихтияр – 1/222 бет.  

Абдусамат Қасым