Намазда имам сәлем бермес бұрын тұрып кеткен «мәсбуқтың» намазы бұзыла ма?
Намазда имам сәлем бермес бұрын тұрып кеткен «мәсбуқтың» намазы бұзыла  ма?
2 жыл бұрын 1926

Имамға бірінші рәкағаттан кейінгі рәкағаттарда кешігіп келіп ұйыған кісіні «мәсбуқ» дейміз[1]. 

Кем дегенде имаммен бірге «тәшәһһуд» дұғасы оқылатындай уақыт «қағдада» отырған мәсбуқ үкіміндегі адам, имамның сәлем беруінен бұрын тұрып кеткен болса, оның бұл әрекеті «тахриман мәкрүһ» үкімін алады. Бірақ, намазы бұзылмайды. Тұрған күйі оқымаған рәкағаттарын тәмәмдайды.

Қағдада (соңғы отырыс) ең аз «тәшәһһуд» дұғасын оқитындай мөлшерде отырмаған болса, сәлемнен бұрын тұрып кеткен мәсбуқтың намазы бұзылады.

Мәсбуқ үкіміндегі кісі мына төмендегі жағдайларда имамның сәлем беруін күтпейді:

  1. Киген мәсінің уақыты бітуге таяп қалған болса. Киген мәсінің уақыты жолаушы емес кісіге - бір тәулік, жолаушыға – үш тәулік.
  2. Үзір иесі намаз уақытының шығып кетуінен қорықса. Өйткені, үзір иесі әр уақыт намазға дәретін жаңалауы тиіс. Бес уақыт намаздың біріне алған дәреті келесі намаздың уақыты кірісімен бұзылады;
  3. Жұма намазының уақыты шығып, асырдың уақыты кіріп кетуінен қауіптенсе;
  4. Айт намазының уақыты шығып, бесін уақыты кіруінен қорықса;
  5. Таңғы намазда күн шығып кетуінен қорықса;
  6. Дәретінің бұзылып кетуінен сескенсе.

Аталмыш жағдайларға тап болған мәсбуқ оқымаған рәкағаттарын тәмәмдауы үшін, имамның сәлем беруін күтпестен тұрып кетуі «тархриман мәкруһ» болып саналмайды. Бұл кезде де ең аз тәшәһһуд дұғасы оқылатындай мөлшерде имаммен бірге қағдада отырған болуы шарт[2].


[1] Мәсбуқ имаммен бірге соңғы отырыста тәшәһһуд дуғасын ғана оқып, имамның сәлем беруін күтіп отырады. Имам сәлем бергеннен кейін  «Аллаһу әкбәр» деп тұрып, оқымаған рәкағаттарын (сәнә мен фатиха және қосымша сүрелермен бастап) өз бетінше оқып тәмәмдайды. 
[2] Әл-Фәтәуә әл-Һиндия – 1/101 бет. 

Абдусамат Қасым