Намаз оқымайтын адамның берген садақасы қабыл болмай ма? Гүлзада деген есімнің мағынасы қандай?
Намаз оқымайтын адамның берген садақасы қабыл болмай ма? Гүлзада деген есімнің мағынасы қандай?
3 ай бұрын 4136

 

  • Салеметсиздер ме! Намаз окымайтын адамның жақсылықтары сауап ретінде жазылмайды деп оқыған едім. Бұл рас па? Жасаган садакамыз да кабыл болмай ма?
  • Сәлеметсіз бе! Гүлзада деген есім нені білдіреді, мағынасы қандай?  Гүлзада.

Сәлеметсіз бе!

Намаз оқымайтын мұсылман адамның істеген сауапты істері ескеріледі. Құран Кәрімде: «Кім зәрредей жақсылық істесе, ол оның қарымтасын көреді», - делінген.

Сондай-ақ, сахих бір хадисте жеңіл жүрісті әйел жөнінде айтылады. Ол әйел құдық басында шөлден өлуге шақ қалған бір итті көріп, дереу етігін шешіп, оны орамалына байлап, құдықтан етігімен су алып, итке ішкізген екен. Алла Тағала оның осы әрекеті үшін бүкіл күнәларын кешіріпті[1]. Осы хадистен күнәһар әйелдің істеген ісінің Алла Тарапынан қабыл етілгендігін ұғынудамыз.

Сондықтан да, берген қайыр-садақаларыңыз және біреуге жасаған жақсылықтарыңыз, ізгі істеріңіз амал дәптерлеріңізге жазылады. Есеп-қисап күні амалдар таразыға тартылар тұста, ол істеріңіз амал таразысының бір жағына қойылары сөзсіз.

Әйткенмен, намаз өте маңызды. Намаз оқымауымыз о дүниеде «амал таразысының» күнә жағын ауыр басып кетуі ықтимал. Сол себепті, намазды да тез арада бастаған абзал. Намаз - әрбір ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған мұсылманға парыз.

 Гүлзада деген есім нені білдіреді, мағынасы қандай?  

«Гүлзада» деген есім екі сөзден құралған: «Гүл» және «Зада» сөздерінен. Гүл - қазақша сөз. Ал, «Зада» болса, парысшадан келген сөз (زاده).  Мағынасы: "бала"  деген ұғымда (ұл не қыз). Мәселен, қазақта «Ханзада» деген сөз бар. Оның мағынасы: «Ханның баласы», «Хан бала» дегенді білдіреді.

Осыдан келіп, сіздің есіміңіздің тіке мағынасы «Гүл бала» болса, астарлы мағынасы: «Гүл іспетті қыз», «Гүлдей жайнаған қыз» дегенге саяды.


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». №3321 хадис.

Абдусамат Қасым