Өлер алдында өзінің кейбір ағзаларын донорлыққа берілуін аманаттап кетуіне бола ма?
Өлер алдында өзінің кейбір ағзаларын донорлыққа берілуін аманаттап кетуіне бола ма?
15 күн бұрын 1298

Ассаламу ғалайкум! Адам қайтыс болар алдында дене мұшесінен белгілі бір мұшесін басқаларға атап кету, яғни өзі қайтыс болғаннан кейін басқа бір ауру адамға қолдануға рухсатын беруге шариғатымыз не дейді?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Бүгінде көпшілік Ислам ғалымдарының тоқтамы бойынша, қайтыс болған адамның кейбір ағзасын, оның өлер алдында берген рұқсатының негізінде немесе өлгеннен кейін мұрагерлерінің берген рұқсаты негізінде, өзге сырқат адамға трансплантациялауға болады. Бұл - Құран Кәрімнің «Кім бір жанды аман сақтап қалса, бүкіл адамзатты аман алып қалғандай саналады» деген аятына негізделеді. 

Бұған байланысты Мемлекетаралық Ислам фиқһ Кеңесінің шығарған қаулысында былай делінген:

«Аман қалуына немесе әрі қарай саламатты өмір кешуіне тікелей септігін тигізетін болса, өлген кісінің жарамды ағзасын (аталық және аналық бездері сияқты жыныс мүшесіне қатысты органдары алынбайды), ауру адамға трансплантация жасауға рұқсат. Бірақ бұған алдымен, өлген кісінің өлмей тұрып білдірген ризашылығы керек немесе мәйіттің туыстары тарапынан рұқсат берілу керек. Алда-жалда туыстары табылмаған жағдайда, арнайы мемлекеттік құзырлы орынның келісімі қажет (موافقة وليّ أمر المسلمين)»[1].

Осыған қоса, белгілі ғалым, фиқһ маманы Юсуф әл-Қардауи «ағзаларын донорлыққа беруді өсиет етсе, өсиеті орындала ма?» деген сауалға былай деп жауап қайырған:

«Егер, өсиет еткен болса, өсиеті жүзеге асырылады... Егер донорлыққа беруді өсит етіп кетсе, донорлыққа беруге болады. Бірақ, егер өлер алдында «Мен ағзаларымды беруге разы емеспін» десе, онда мұрагерлері оның ағзаларын тірісінде қарсы болуына қарамастан, донорлыққа тапсыра алмайды»[2].

Осы орайда, «кейбір ағзаларын» деп өттік. Өйткені, түгелдей денесін бағыштауға жол жоқ. Адам қайтыс болғаннан кейін оның денесі жуылып, кебінделіп жаназасы оқылып, жер қойнауына тапсырылуы ләзім.

Сондай-ақ, донорлық өсиеті тек сауап үшін, біреудің өмірін сақтап қалу мақсатында, ізгі ниетпен жасалған болуы тиіс. Адам ағзалары саудаға салынбауы тиіс.

Өлер алдында өсиет еткен ағзасын өзгеге трансплантациялау ісі адам жаны түгелдей шыққаннан кейін барып қана жүзеге асырылуы қажет. Ол үшін сол саланың сенімді үш маманының пациентке қатысты «қайта оралмастай жан тәсілім етті» деген күәлігі ләзім. Клиникалық өлім хәлінде болуы жеткіліксіз[3].

Осы тұрғыда "адамның өзі де, ағзалары да Алланың мүлкі, ол оған тек аманат ретінде берілген" деген түсінік негізінде, ағзаларын тірі кезінде болсын, өлер алдында болсын, донорлыққа тапсыра алмайды деп қарсы шыққан дін ғалымдары да бар. Атап айтсақ, Имам Шағрауи әлдекімнің ағзасын донорлыққа беруіне қарсы болған. 


[1] Мемлекетаралық Ислам фиқһ Кеңесінің 1988 жылғы, ақпан айының 6-11 аралығында Жидда қаласында өткен кезекті, төртінші отырысы.
[2] «Әл-Жазира» каналына берген сұхбатынан.
[3] Шейх Әли Жұма: Дарульифта. №739. 2003 ж.

Абдусамат Қасым