Әйелдің бала көтермеуі ажырасуға себеп пе?
Әйелдің бала көтермеуі ажырасуға себеп пе?
3 жыл бұрын 6062

Сәлеметсіз бе! Бала көтермесе ажырасуға бола ма?

Сәлеметсіз бе!

Ислам шариғатында әйелдің бала көтере алмауы айып ретінде саналмаған. Сол себептен, Ислам ғалымдарының басым көпшілігінің тоқтамы бойынша, бедеулік ерлі-зайыптының қайсысында туындаса да, ол - некені бұзуға себеп емес.

«Бұған қатысты білім иелері арасында қайшы пікір білдіргендерді кездестірмегенбіз. Тек, Хасан ғана (әл-Басрый болса керек): «егер ерлі-зайыптының бірі екіншісінің бедеу екендігін білсе, (некені бұзу не бұзбау мәселесінде) ерікті» деген» - дейді Ислам ғалымдарының бірі Ибн Құдама (р.а.).  

Әрі қарай ғалым бедеулік себепті некенің фәсх[1] болмайтындығы жөнін де былай деп айтып өтеді: 

«Некенің фәсхы - бедеулік себепті жүзеге аспайды... Өйткені, бедеулік белгісіз нәрсе. Шынында, кейбір ер адамдар бар, олардың жас кезінде бала болмауы мүмкін, бірақ қартайған шағында балалы болып жатады. Бірақ (мынаны айта кету керек), кімде бедеулік бар болса, екінші тарапқа неке қимай тұрып ол жайында білдіргені мұстахаб (ұнамды, құптарлық нәрсе) болады, бірақ уәжіп емес» [2]. 

Ұзаққа бармай-ақ, Құран Кәрімнің қасиетті аяттарына үңілер болсақ, Ибраһим пайғамбар мен Зәкәрия пайғамбардың жұбайлары қартайған шаққа жеткенге шейін бала көтермегендіктері айтылған. Оған қарамастан, қос пайғамбар да әйелдерімен ажыраспай, қартайғанша бірге өмір кешкендіктерін аяттардан анық байқауға болады[3].

Сондай-ақ, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүйікті жұбайы Айша анамыз да (Алла одан разы болсын) құрсақ көтермеген ана қатыран. Бірақ, Алла елшісі оны бақилыққа аттанғанша аялап өтті. Бір күні Айша анамыз өзінің бала сүймегенін тілге алып жары Мұхаммед пайғамбарға (ғалейһис саләту уә сәлләм): «Уа, Расулаллаһ! Жұбайларыңның бәрінің күнниясы бар (күнния – баласының есімімен тіркестіріп атау, мысалы, пәленшенің әкесі, түгеншенің анасы деген сияқты). Менде ғана жоқ», - дейді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) оған: «Абдулланың анасы деген күннияны алғын» дейді. Сол кезден бастап, Айша анамыз өлелгенше «Умму Абдулла» (Абдулланың анасы) деп аталып жүрді[4].

Күйеуінің бедеулігі себепті әйелі талақ сұрай ала ма?

Күйеуінің бедеулігі себепті әйелі ерінен талақ сұрауына немесе «хүлъ» жолымен оған белгілі ақыға талағын беруді ұсынуға құқылы, бірақ ері әйелінің ұсынысын қабыл етпесе, талақ туындамайды.

Күйеуінің бедеулігі себепті әйелі сотқа некені бұзу туралы арыз бере ала ма? 

Ислам ғұламаларының басым көпшілігінің тоқтамынша, әйелі күйеуінің бедеулігі себепті соттан некенің бұзылуын талап ете алмайды. Бедеулік - сот жүзінде некені бұзуға себеп емес. Өйткені, ері ұрпақ әкелуге жарамсыз болғанымен, әйелдің төсек ақысын беруге қауқарлы.  

Ханафи мәзхабының ереже-қағидаттарын назарға алып қарайтын болсақ та Ханафи мәзхабында үкімнің осыған саятынын айтуға болады. Мысалы, Ханафи фиқһ кітаптарында күйеуінің белсіздігі (импотенция) себепті әйелінің сотқа арыздануы мәселесі қаралған. Әйелі ерінің белсіздігі себепті сотқа арыз түсірген жағдайда, сот бір жыл уақыт тағайындайды. Егер бір жыл ішінде ері жақындаса алмаса, онда сот алдымен еріне талақ беруін айтады. Ері талақтан бас тартса, сот оның орнына талақ беріп, некені бұзады. Алайда, бұл – әйелімен мүлдем жақындаспаған жағдайға қатысты. Ал, егер некеден кейін әйелімен бір рет болса да жақындасқан болса немесе әйелі үйленбей тұрып ерінің белсіз екендігін білген болса, онда сот (қазы) әйелінің арызын қарамайды. Ендігі, жерде бедеулік - белсіздікке қарағанда жеңіл. Белсіздіктің өзінде, лаж болса, ерлі-зайыптыларды ажыратпауға тырысқан Ханафи мәзхабы, бедеулік себепті ажырасу мәселесіне жеңіл қарамайтыны анық.  

Дегенмен, кейбір бірен-саран дін ғалымдары: отбасының шаттығын бұзатын, әрі некеден күтілген өзара сүйіспеншілік пен мейірімділік сезімдеріне қол жеткізуге кедергі жасайтын ақаулықтар себепті де некені (сот жүзінде) бұзуға болады дейді. Тіпті, "некенің мақсаты - ұрпақ көбейтіп, нәсілін жалғастыру" деп қарайтын бірілі-екілі дін мамандары, әйелдің күйеуінің бедеулігі себепті сотқа некені бұзу туралы арыз беруіне құқылы екендігін, күйеуінің де бұндайда түсіністікпен қарау керектігін көлденең тартады.

Күйеуі әйелін бала көтере алмауы себепті, талақ ете ала ма?

Күйеуі әйелін бала көтере алмауы себепті талақ етер болса, талағы саналады. Бірақ, талақ айту әрдайым оңтайлы шешім бола бермеуі мүмкін. Әсіресе, әйелдің психологиясы тұрғысынан қарасақ, мұндай жағдайда талақ айту әйел үшін ауыр соққы болып тиюі ғажап емес. Әрине, керісінше алып қарағанда да, күйеуінің бедеулігі себепті, әйелінің одан ажырасуын талап етуі ол үшін жеңіл тимесі сөзсіз. Сондықтан да, мұндайда емделу жолдарын қарастырған абзал. Тіпті, әйелінің бедеулігі себепті оған талақ айтқаннан гөрі, өзара ақылдаса келе, екінші әйел алу жағын да ойластыруы қате емес.      

Қорытынды

Қорыта айтқанда, Алла Тағала қалаған пендесіне перзент сыйлайды, ал қалаған пендесін бедеу етеді. Сол себепті, бедеулік - Алла Тағаланың жазмышы. Ол - кемшілік болып есептелмейді. Мұндай сынаққа душар болған ерлі-зайыптылар бірден ажырасуды ойламастан, әуелі емделу жолдарын қарастырғандары абзал. Немесе қазіргі таңда жасанды жолмен ұрықтандыру тәсілі жолға қойылған. Перзент сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптылар жасанды жолмен ұрықтандыру тәсіліне жүгініп, мәселенің шешімін осылай табуға тырысып баққандары жақсы. Осы тұрғыда, Жаратушы Аллаға мінәжат қылып, Одан перзент сұрауды да ұмытпаған жөн. Ибраһим пайғамбардың жұбайы Сара анамызға кейуана шағында ұл сыйлаған Алла, өзге пенделеріне де перзент беруге құдірет күші жетеді.


[1] Фәсх - бұзылуы, заңдылығын жоюы.
[2] «әл-Мәусуъатуль Фиқһия» - 30 том. «әл-Ъақм» (бедеулік).
[3] «Зәрият» сүресі, 29 аят.
[4] Ибн Хаббан: «Сахих».

Абдусамат Қасым