Некесін АХАЖ-да (ЗАГС) қиғанның баласы зинақордың баласы ма?
Некесін АХАЖ-да (ЗАГС) қиғанның баласы зинақордың баласы ма?
3 жыл бұрын 1780

Ассаламуалейкум ағалар! Некесіз туылған бала шайтанның баласы дейді ғой. Кейбір кісілер қазақ бола тұра некенің не екенін білмейді. Солардың балалары  некесіз туылып жатады. Некесіз  туылған бала, некемен туған баладан иман тұрғысынан  айырмашылығы бар ма? Мәселен, бір кісі үйленді, бірақ шариғат бойынша некелеспеген, балалары некесіз, бірақ сосын некелесу керектігін түсініп, некесін қидарғаннан кейінгі балалары некемен болды. Сонда алғашқы некесіз дүниеге келген балаларының жайы қалай болады? Некесіз  болып қала бере ме? Некесіз бала өскен соң Кәлима шәһадат  айтып Алланы мойындаса  мұсылман бола ала ма? STALKER Stalker

Уағалейкумуссалам! Исламда некесіз төсек қатынасы үлкен күнәлардың бірі. Оның Алла алдында сұрауы болады. Дегенмен, зинадан туған баланың бұл жағдайда еш күнәсі жоқ. Өйткені, Құранда: «...Әркім өзінің істеген күнәларына жауап береді. Біреудің күнәсін біреу көтермейді. Бәріңнің де барар жерлерің Раббыларыңның алды...»[1], – дейді Алла Тағала.

Сондай-ақ, хадисші әл-Байһақидің риуаят етуі бойынша Алла Елшісінің жұбайларының ішіндегі ең білімдісі боп саналатын Айша анамыз: «Ата-анасының күнәсі оған (балаға) жазылмайды», – деп мына аятты оқыған екен: «Біреудің күнәсін біреу көтермейді»[2] 

Ендеше, некесіз туған бала Аллаға бойұсынып иман келтірсе, мұсылманшылығы жағынан ешкімнен кемшілігі жоқ. Ондай бала «шайтанның баласы» деген түсінік шариғатқа қайшы.

Сіздің сұрағыңыздағы АХАЖ-да (ЗАГС) некесін қиып, мешітте қимаған ерлі-зайыптылардың балаларына «некесіз туған» деу қиын. Олай болған себебі, АХАЖ-да қиылған некеде шариғаттың неке талаптары табылып жатса оны да «неке» деп есептейміз. Некенің басты талаптары: некелескелі жатқандардың арасында туыстық байланыстың болмауы; өзара разылықтың болуы; екі ер немесе бір ер екі әйел кісінің куәлік етуі[3].  Сондықтан АХАЖ-да қиылған некені «неке» ретінде есептемей, одан туылған баланы да некесіз туылған деу қателік.

[1] Әнғам сүресі – 164 аят.
[2] Байһақи, Китабус сала - №5014 хадис.
[3] Неке шарттары жайында толығырақ мына сілтемеден оқи аласыз: http://muslim.kz/kk/question/269-nekenin-nendei-sharttary-bar.html

Абдусамат Қасым