Неке куәгерлерінің қандай шарттары бар?
Неке куәгерлерінің қандай шарттары бар?
6 жыл бұрын 12255

Неке куәгері болатын ер кісіге қандай шарттар керек және арапша айтылатын сөздерді жазып жіберсеңіздер екен? Әлібек Тінейқұлов.

Шариғат бойынша, неке қиярда күәлардың болуы - некенің басты шарттарының бірі. Күәгерлер ең аз екі ер кісіден немесе бір ер, екі әйелден тұрады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің хадис шәрифінде былай деген:

«Неке тек қамқоршысы және екі мұсылман (ъадл) куәгердің көзінше дұрыс болады...»[1]. 

Тағы бір хадисінде:

«Куәгерсіз неке қиғандар олар – зинашылар»[2], – дейді.

Ал, күәгерлердің екі ер кісі немесе бір ер екі әйелден тұратындығына қатысты дәлел келтірер болсақ, Құран Кәрімде былай делінеді: 

«...Екі ер кісіні куәгер етіңдер. Егер еркек табылмаса, онда куәгер ретінде өздерің қалаған бip еркек, екi әйел де болады...»[3].

Күәгерлердің шарттары 

Ханафи мәзхабы бойынша, неке куәгерлерінің шарттары төмендегідей:

1. Күәгерлер мұсылман болулары керек. Егер үйленетін қыз да, ұл да мұсылман болса, куәгерлер де мұсылман болулары шарт. Егер қыз христиан не яһуди дінінен болған жағдайда, куәгерлердің де сол діннен болуларының ағаттығы жоқ[4].   

2. Азат. Құл мен күннің күәлігі жарамайды. 

3. Ақыл-естері дұрыс. Есуас-жындының күәгерлігі жарамсыз.

4. Балиғат жасқа толған. Кішкене баланың күәгерлігі қабыл етілмейді. 

5. Есту қабілетіне ие болу. Күәгерлердің екеуі де есту қабілетіне ие болулары тиіс. Бірі керең болып, сау естіп кейіннен кереңге естіртіп жатса, ондай күәлік жарамсыз. 

6. Түсіну. Сондай-ақ, куәгерлер некелесуші екі жастың сөздерін түсінулері тиіс. Өйткені, сөздерін естімесе немесе түсінбесе куәгер болудың пайдасы шамалы. Әйтсе де, кейбір ханафи ғалымдары "күәгерлердің сөзді түсінулері шарт емес" деген. Бұнымен қатар, үйленетін екі жас мылқау болса, неке куәгерлері мылқаулардың тілін түсінетін болулары ләзім. Есту және түсіну қабілеті бар мылқаулардың да күәгерлігі некеге жарамды.

7. Екі жастың ризалықтарын күәгерлердің екеуі де естіген болулары керек. Сондай-ақ, күәгерлер екі жастың ризалық сөздерін бір мезгілде, бірдей естіген болулары керек. Жігіттің келісімін естіп, қыздың келісімін естімей қалса, немесе күәгердің бірі естіп, екіншісі естімей қалса, еткен күәгерліктері жарамсыз[5]  

5. Күәгердің тақуа болуы шарт емес. Күнәхар мұсылманның да күәгерлігі жарамды. Елімізде Аллаға сеніп, Мұхаммедті (с.ғ.с.) пайғамбар деп білетін, бірақ намаз оқымайтын, ораза ұстамайтын қандастарымыз бар. Олардың куәгерлігі жарамды[6]. 

[1] Даруқутни, китабун Никах.
[2] Тирмизи, Китабун никах – №1103 хадис.
[3] Бақара сүресі – 282 аят.
[4] Имам Мәсули: Ихтияр – 3/42 бет.
[5] Имам Әбу Бәкр әз-Зәбиди: Жәуһәратун нира – 2/107-108 бет.
[6] Имам Мәусули: Ихтияр – 3/41 бет. 
Ескерту: Жоғарыда ұсынылған жазба 2013 жылы muslim.kz сайтында жария етілген жазбамның кейбір өзгерістер мен толықтырулар енгізіпіп, қайта жарияланған нұсқасы.

Абдусамат Қасым