Медицина тұрғысынан апалы-сіңліні бір некеде ұстаудың зияны жоқ екен. Неге харам етілген?
Медицина тұрғысынан апалы-сіңліні бір некеде ұстаудың зияны жоқ екен. Неге харам етілген?
2 жыл бұрын 5404

Ассаламуғалейкум, сайт ұжымы! Сіздердің жауаптарыңыздан кейін, мен осы елдің зиялы генетик ғалымдарының кеңесін алған едім. Ол кісілердің ойынша,  менің жағдайымда ғылыми тұрғыда еш кедергі жоқ. Себебі ол ханымдардың маған туыстық қатынасы жоқ. Тек өзара бір ата-анадан. Біздің қанымыз да, жанымыз да, руымыз да бөлек. Бұл жағдайда балалар да есі дұрыс, дені сау болып туылады, "инбридинг" қауіпі жоқ. Мен әлі де өз сұрағыма жауап таба алмадым. Неге апалы-сіңлімен некеге тұруға болмайды? Неге біреуімен ажырасуым керек? Ренжімесеңіздер маған көмек қолын созыңыздаршы! Өте күрделі және де өмірлік сұрақ болып тұр. Түсіністік танытқандарыңыз үшін алдын ала рахмет.

Уағалейкум ассалам! Құрметті сауал иесі, оның неліктен харам болғанын дөп басып, дәл айту қиын. Дегенмен, кейбір хадистерде ондай неке бауырлас екі әйелдің туыстық қарым-қатынасына балта шабады делінген. Пайғамбарымыздан жеткен «мүрсәл» бір хадисте: «Алла елшісінің екі туысты бір некеде ұстаудан тыюының мәні - туыстардың арасы бұзылады деген қауіпте жатыр»[1] - делінеді.

Осыған қарап, ғалымдарымыз: "Бауырлас екі қызды бір некеде ұстамаудың астарында көбіне тәрбиелік мән жатыр" - деп түсіндіреді. Жаратушымыз туыстық байланысты үзбеуді, арадағы қарым-қатынасты бекем ұстауды бұйырады. Бұл бірнеше Құран аяттарында, Пайғамбарымыздың хадистерінде ашық баян етілген. Ендігі жерде, екі туыс қызды бір некеде  ұстау – екі бауыр арасында қызғаныш, өшпенділік, дұшпандылықты пайда етеді. Тіпті, апалы-сіңлілі арасындағы қызғаныш бөтен әйелге деген қызғанышқа қарағанда қаттырақ болуы мүмкін. Түбінде туыстық қарым-қатынасқа, бауырлық сезімге балта шабары анық. 

Оның үстіне, екі бауырлас әйел кісіні бір некеде ұстаған азаматтар елімізде жоқтың қасы. Қай қоғамда болмасын, көпшілік адамның ар-ожданы мұндай әрекетті мақұл көрмейтіні анық. Махаббат деп шектен шығуға болмайды.

Осы орайда ескерте кетуіміз керек: Мұның харам болуының басты себебі - Жаратушымыздың бұйрығы болып табылады. Алла тағала өзінің қасиетті кітабында: «Екі бауырлас қыздарды бір некеде ұстауларың арам қылынды...», - деп бұйырған. Ал, неліктен харам еткенін дөп басып, дәл айту қиынның қиыны. Біз жоғарыда мәселенің  ішкі мазмұнына үңіліп, бір ғана қырынан түсіндіруге тырыстық. Біз білмейтін басқа да мән-мағыналары болуы мүмкін. Сол себепті, екі бауырлас қыздың арасында дұшпандық болмаса, оларды бір некеде ұстай беруге болады деген ой қалыптаспауы тиіс.

Қорытынды:

Екі бауырлас әйел кісіні бір некеде ұстауды харам еткен Жаратушымыз екендігін айтып өттік. Құранда да, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде де ол нәрсенің харамдығы ашық айтылады. Бірде-бір Ислам ғалымы харам екендігіне шүбә келтірмеген. Сондықтан, ауыр да болса, бұл бұйрыққа бойсұнуға тура келеді. Кім біледі, алдағы уақыттарда медицина ғылымы қазіргіден де қатты дамып, осындай некенің адам денсаулығына тигізер зардабының бар екендігін анықтап жатуы да әбден мүмкін.           

Бұдан алдыңғы берген жауабымызда айтқанымыздай[2], айырылысқан әйеліңізге өзгеге тұрмысқа шыққанға дейін материалдық көмек көрсетіп тұрсаңыз болады. Бірақ, араңызда неке болмағандықтан оңаша қалу т.б. шариғат құптамайтын әрекеттерге бару харам, күнә. Балалар сіздің ұрпағыңыз болып есептеледі. Сондықтан, кәмілеттілік жасқа толғанға дейінгі нәпақасы сіздің мойныңызда.


[1] Ибн Әби Шәйбә, әл-Мусаннаф. Иса ибн Талха есімді «сиқа» деген атаққа лайық табиғин риуаят етілген. Иса ибн Талхадан жеткен хадистерді Имам Бухари өзінің хадистер жинағына алған. عَنْ عِيسَى بْنِ طَلْحَةَ ، قَالَ : " نَهَى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنْ تُنْكَحَ الْمَرْأَةُ عَلَى قَرَابَتِهَا مَخَافَةَ الْقَطِيعَةِ
[2] Жауаптың түп нұсқасын мына сілтемеден оқи аласыз:  Апалы-сіңлілі екі бауырлас қызды бір некеде ұстаудың үкімі қандай?: http://islam.kz/kk/questions/januya/neke/apaly-sinlili-eki-bauyrlas-qyzdy-bir-nekede-ustaudyn-ukimi-qandai-412/#gsc.tab=0 

Абдусамат Қасым