Бұрын жүрген қыздың анасымен тұрмыс құрсам бола ма?
Бұрын жүрген қыздың анасымен тұрмыс құрсам бола ма?
2 жыл бұрын 9514

Әссәләмуғалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ! Құрметті сайт ұжымы, кешірім сұраймын осындай сауал жолдап отырғаныма. Бірақ мен үшін маңызды болғандықтан сұрауға мәжбүрмін. Өтініш толықтай Құран және хадистен дәлел келтіріп жауап берсеңіздер. Сіздердің кеңестеріңіз маған аса қажет... Сұрағым мынадай: егер жігіт бұрын бір қызбен жүрген болса, некесіз құмарланып сүйіскен болса (төсек қатынасы жоқ)..., кейіннен оның анасымен заңды түрде үйленуге бола ма?... Рахмет.

Уағалейкум ассалам уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ! Әуелі мынаны айта кету керек, некесіз құмарланып бөтен әйелді сүю немесе ұстау, құшақтау сияқты әрекеттер шариғатта күнә болып саналады. Мұндайға барған мұсылман шынайы Аллаға тәубе етуі шарт.

Мұндай жағдайлар қоғамда (ішінара болса да) белең алып жататындықтан, шариғат оның да үкімін баяндауға мәжбүр.  Маңызды болғандықтан ол мәселенің үкімін сұрастырып білу сіздің құқыңыз.  Ұлы сөздің ұяты жоқ демекші,  аздап ерсі боп көрінсе де оның шариғаттағы үкімін жария етуді жөн санап отырмыз. 

Ханафи мәзхабы бойынша, кімде-кім бір әйелді аса құштарлықпен құмарланып ұстаса немесе сүйсе, (жыныстық қатынасқа түспесе де) онда ол әлгі әйелдің анасымен немесе қызымен ешқашан некелесе алмайды.  Ибн Әби Шәйбәның кітабында Пайғамбарымыздан (с.а.у.) мынадай хадис келтірілген: «Кімде-кім бір әйелдің жыныс мүшесіне құмарлықпен қараса, оған оның анасымен немесе қызымен үйлену харам»[1]

Сондай-ақ, деректерге сүйенсек сахаба Абдулла ибн Омардың (р.а.) мынадай сөзі бар: «Егер бір әйелмен қатынасқа түскен болса немесе оны аса құмарлықпен сүйсе яки құмарлықпен сипаласа немесе оның жыныс мүшесіне құштарлықпен қараған болса, ол әйелдің анасымен де, қызымен де некелесу харам болады. Және бұл әйелмен ол еркектің әкесі немесе баласы некеге тұра алмайды»[2].

[1] Ибн Әби Шәйбә, әл-Мусаннаф.
[2] Ибнул Һумәм, Фатхул қадир: Китабун никах.; әл-Биная фи шархил-Һидая; әл-Кәсәни: Бәдәиъу: Китабун никах; Алиюл Қари: Фәтхул Ъиная – Китабун никах.

Абдусамат Қасым