Зәм-зәм суын тұрып ішу керек пе?
Зәм-зәм суын тұрып ішу керек пе?
5 жыл бұрын 24246

Ассаляму алейкум уа рахматулаһи уа баракатуһ!

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) суды тұрып ішудің зиян екенін айтып, тыим салған делінсе, ал "зам зам" суын тұрып ішу керек дейді. Алла разылығы үшін осы су ішу туралы нақтылап бересіз бе? Аман Есен

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алла елшісінің (с.а.у.) зәм-зәм суын тұрып ішкендігін айтқан сахих хадистің бары рас. Сахаба Абдулла ибн Аббастан жеткен бұл хадисте: «Шынында Алла расулі зәм-зәм суынан тұрған күйі ішті» делінген[1].

Алайда, бұл өзге сусындардан айрықша етіп зәм-зәм суын тұрып ішу керек екендігін көрсетпейді. Керісінше зәм-зәм суын да өзге сусындар секілді отырып ішу – сүннет. Бірақ, тұрып ішудің де күнәсі жоқ. Оған жоғарыдағы хадис дәлел.  

Ал енді Пайғамбарымыз зәм-зәм суын неге тұрып ішкен? – деген сауалға былай деп жауап беруге болады:

Алла елшісі зәм-зәм суын мәжбүр болғандықтан тұрып ішкен болуы мүмкін. Өйткені, аталмыш хадистің басқа бір нұсқасында Пайғамбарымыздың шелектен ішкендігі айтылады[2]. Ал, шелектен отырып ішу ыңғайсыз екендігі белгілі, сондықтан да тұрып ішуіне тура келген. Бұнымен қатар Қағбаның айналасында халықтың көптігі себепті Пайғамбар (с.а.у.) отырып ішуге ыңғайлы жер таппай, тұрып ішкен де болуы мүмкін. Қалай болғанда да, бұдан қажет кезде суды тұрып ішудің ағаттығы жоқ екендігін аңғарамыз.

Қорытындылай келе, зәм-зәм суы болсын, басқа сусындар болсын мүмкіндігінше отырып ішкен ұнамды әрі абзал әрекет. Неге десеңіз, Расулулла өзінің біршама хадис шарифтерінде тұрып ішуден тыйған. Тіпті «тұрып ішкен кісі құсып тастасын» деп айтқандығы да бар[3]. Дегенмен, тұрып ішудің күнә емес екендігін анық білдіретін хадистер де аз емес. Осыған орай, дін ғалымдарымыз: «суды отырып ішу - мұстахаб (ұнамды әрі абзал), әйтсе де тұрып ішкен кісіге күнә жазылмайды» деген тоқтамға келген.

Осы орайда, Имам Тахауи (раһимаһулла) осы хадистерді талқылай келе, Пайғамбарымыздың тұрып ішуден тыюы күнә жазылады дейтіндей "харамдықты" емес, тұрып ішуден келуі ықтимал зиянның алдын алу мақсатында, үмметіне деген мейірім-шапағатынан айтылған кеңес деп тұжырым білдірген[4]. 


[1] Сахих Мүслім: Китабуль әшриба - №3778 (2027).
[2] Имам Тахауи: Мааниль Әсәр: «Зәм-зәм суынан Пайғамбарға бір шелек су бердім. Ол тұрған күйі ішті».
[3] Муслим, әшриба - №2026-хадис : «Ешкім тұрған күйде су ішпесін! Кім ұмытып ішкен болса құсып тастасын
[4] Имам Тахауи: Бәбуш Шүрби Қо-имән. № 6872

Абдусамат Қасым