Тайланд еліне демалысқа баруға бола ма?
Тайланд еліне демалысқа баруға бола ма?
2 жыл бұрын 2011

 Әссәләмуғалейкум уа рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Тайланд еліне демалысқа баруға бола ма? Бағдарламада Будда храмына бару және т.б. жерлер кіреді. Сондай жерлерге баруға бола ма?  А.

Уағалейкум әссәләм уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ!
Жалпы алғанда Исламда демалу, бойын сергітіп қайту мақсатында мұсылман емес елдерге  сапар шегуге, саяхат жасауға рұқсат.

Тек кей жағдайларда мұндай саяхат түрі мәкруһ немесе харам деген үкім алуы мүмкін.  Ашып айтар болсақ, күнә істер кең етек жайылған елдерге арнайы демалыс үшін сапар шегу (ниеті харам іске бармау болсадағы)  – мәкруһ. Ал, қандай да бір елге күнә жасау мақсатында және харам істерді жасау үшін сапар шегу – харам.

Ханафи мәзхабының ғалымы Ибн Ғабидин өзінің бір сөзінде: «...Сапар шегудің үкімі – мубах  (сауабы да, күнәсі да жоқ, яғни, рұқсат). Бірақ кей жағдайларда сапар шегу сауапты амалға айналуы мүмкін. Мысал ретінде қажылықты өтеу үшін сапар шегуді келтірсек болады. Ал, кейде сапарға шығу күнәлі істер қатарынан орын алады. Мысалы, қарақшылық жасау үшін сапар шегу осыған жатады»[1] - дей келе сапарға шығудың үкімі, адамның одан көздеген мақсатына қарай өзгеретіндігін ишара етіп тұр.

Сіздің жағдайда, аталмыш елге күнә жасау үшін емес, жер көріп, ел көру мақсатында бара жатқаныңызға, осылайша сергіп, демалып қайтуды көздейтініңізге сенімдіміз. Дейтұрғанмен, мұндай мақсатта аталмыш елге барғаннан гөрі, мұсылман елдеріне саяхаттауды кеңес етер едік.

Өзге дін иелерінің ғибадатханаларын қызықтау мәселесіне келер болсақ, Ислам ғалымдарының көпшілігі, өзге дін иелерінің ғибадатханаларына барып, қызықтап, оларды көрудің ешбір күнәсі жоқ деген пікірде. Бұл тұжырымның да өзіндік сүйенер дәлелі жоқ емес. Атап айтсақ, Сахих Бухари атты хадистер жинағында келтірілген бір риуаятта, Айша анамыз былай дейді:

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) сырқаттанып қалған еді. Жұбайларының кейбірі Хабашистанда көрген шіркеуді еске алды. Ол шіркеудің есімі «Мария» екен. (Пайғамбардың жұбайлары) Үмму Сәләмә мен Үмму Хабибә (р.а.) Хабашистанға барғандағы көрген (Мария шіркеуінің) әсемдігі жайында, оның ішіндегі салынған бейнелер жайында әңгімеледі. Сонда Пайғамбар басын көтеріп: «Олар, қашан бір жақсы адам қайтыс болса, соның мазарына мешіт соғады. Кейін соның ішіне (сендер айтып отырған) суреттерді  салады. Міне олар Алланың қасында жаратылыстардың ішіндегі ең жаманы», - деді»[2].

Осы хадиске ұңілсек, Пайғамбарымыз сол елдегі христиандардың іс әрекетінің дұрыс еместігін айтып тұрғанымен, өзге дін иелерінің ғибадатханасын қызықтаудан тыймаған. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

[1] Раддул Мухтар, 2/121 бет.
[2] Сахих Бухари, №1261 хадис.

Абдусамат Қасым