Спорттың кейбір түрінде қарсыластар бір-бірімен иіліп сәлемдеседі. Бұған шариғат қалай қарайды?
Спорттың кейбір түрінде қарсыластар бір-бірімен иіліп сәлемдеседі. Бұған шариғат қалай қарайды?
8 жыл бұрын 4638

Сұрақ №1: Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Кейбір шығыс жекпе-жегінде «спарингтен» басында және соңында иіліп сәлем беріледі. Спортпен айналысатын мұсылманның осылай жасауы қаншалықты дұрыс?

Серік Ержанов.

Сұрақ №2: Әссәләму ғалейкум! Спортта, яғни, күресте, самбода қарсыластар бір-біріне бас изеп, еңкейіп құрмет көрсетіп жатады. Бұл жөнінде шариғатымыз не дейді? Нақты хадис немесе оқиға болса келтіресіз бе?

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Деректерге қарағанда, мұсылмандардың әміршісі Әзіреті Омар Сирия өңіріне барғанда, жергілікті өзге дін өкілдері оған иіліп сәлем берген екен. Ардақты сахаба олардың әлгіндей сәлем беруінен тыймаған. Осыған орай, «кеудесін аздап иіп сәлемдесу харам емес» деп, бірлі-жарым Ислам ғалымдары айтқан[1].

Бірақ, хадис кітаптарында орын алған риуаяттағы Пайғамбарымыздың (с.у.а.) иіліп сәлемдесуден тыйғандығын назарға ала отырып[2], аталмыш үлгіде сәлемдесуді – мәкруһ санайды көпшілігі. 

Әйткенмен, "мұнда да, ниет маңызды" - дейді кейбір дін мамандары.- "Ниеті - құр сәлем беру, яки, кішіпейілдікті байқату болса, шамадан тыс иілмеу шартымен, кеудесін аздап иіп сәлем берудің харамдығы жоқ".  

Тоқетерін айтар болсақ, шығыс жекпе-жегімен шұғылданатын кісілердің күш сынасу барысында бір-біріне әлгіндей үлгіде сәлем берулері харам емес. Әйтсе де, мұндай сәлем беру үлгісін тек осы сияқты кей жағдайлармен ғана шектеп, жайшылық кездегі қарым-қатынаста әдетке айналдырмау керек. Оның орнына Пайғамбарымыздың сүннетіне сай сәлемдесу өнегесін негізге алған дұрыс. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ер кісілерге қол алысып амандасуды үйреткен. Тіпті, қол берісіп амандасудың кіші күнәлардың кешірілуіне септігін тигізетінін де айтқан[3].   


[1] Әл-мақдиси: әл-Әдәбуш Шәрғия.
[2] Тирмизи: Китабуль Истизан уәл Әдәб. №2728 хадис.
[3] Әбу Дәуід – 5212 хадис.

Абдусамат Қасым