Сәбидің зәрі нәжіс пе?
Сәбидің зәрі нәжіс пе?
10 жыл бұрын 7169

Ассаламуғалейкум! Әйелім нәрестемізді жуындырып жатқанда нәресте суға кіші дәретін сындырды. Әрі қарай сол сумен жуындыруға бола ма? Әлде ауыстырған дұрыс па? Досқали.

 

Уағалейкумсалам! Ханафи мәзһабы бойынша нәрестенің де зәрі нәжіс үкімінде[1]. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Зәрден сақтаныңдар...!», - дей келе жалпылама зәр атауынан сақтануды бұйыруда. Сол себепті сәби де болса, дәретін сындырған суды ауыстырған дұрыс. Өйткені тұрғын суға және аз суға түскен нәжіс суды кірлетеді.

Сәбидің зәрі де нәжіс екендігін өзге де риуаяттардан байқауға болады. Атап айтсақ, Сахих Муслим атты хадис кітабінда келтірілген риуаятта Айша анамыз былай дейді:

«Пайғамбарымызға емшектегі сәбиді алып келген еді. (Сәбиді Пайғамбарымыз құшағына алғанда) Ол сәби Алла елшісінің құшағына дәретін сындырып қояды. Пайғамбарымыз су сұратып, сол зәр тиген жерге суды төкті»[2].

Сахих Муслимде келген тағы бір риуаятта мүхәжир әйелдердің бірі Үмму Қайс бинт Михсан өзінің тамақ ішу уақытына жетпеген сәбиімен Пайғамбарымызға келеді. Әлгі сәби Алла елшісінің құшағына дәретін сындырып қояды. Пайғамбарымыз су сұратып, зәрі тиген жерге су құйып, аздап жуады[3].

Осы хадистегі «وَلَمْ يَغْسِلْهُ غَسْلًا» сөйлемін Ханафи ғалымдары «қатты жумай аздап жуды» деп түсіндірген. Себебі ондағы «ғаслән» сөзі алдындағы етістікке күшейтпелі мағына беру үшін келеді. Сонда мағынасы: «Қатты жумай, аздап жуды» дегенге саяды.

 

[1] Маусули, Ихтияр: 1-том, 114 бет;  әл Ғайними, Лүбәб фи шархиль Китаб: 1-том, 52бет.
[2] Сахих Муслим – Китабут таһарат - №436 хадис.
[3] Сахих Муслим – Китабут таһарат - №438 хадис.

Абдусамат Қасым