Қысқа хатым ("Хатым Құран сағира") деген нәрсе дінде бар ма?
Қысқа хатым ("Хатым Құран сағира") деген нәрсе дінде бар ма?
3 ай бұрын 3032

Қысқа хатым ("Хатым сағира") деген нәрсе дінде бар ма?

Бисмилләһир рахманир рахим

«Хатмуль Құран әс-Сағира» деген сипатта «хатым» түрін ескілікті шариғат кітаптарынан кездестірмедік. «Хатм» деген не? Хатым деген, Құранды бастан аяқ оқу деген сөз. Оның «Қысқасы» немесе «кішкенесі» болмайды. Дейтұрғанмен, Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір асыл сөзінде «Ықылас» сүресін үш рет оқыған кісіге Құранды толық хатым еткеннің сауабы берілетіндігін айтқан. Сахаба Әбу Дәрдадан (р.а) жеткен бір риуаятта Алла елшісі (с.а.у.) былай дейді:

  عَنْ أَبِي الدَّرْدَاءِ عَنْ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ : أَيَعْجِزُ أَحَدُكُمْ أَنْ يَقْرَأَ فِي لَيْلَةٍ ثُلُثَ الْقُرْآنِ ؟ قَالُوا : وَكَيْفَ يَقْرَأْ ثُلُثَ الْقُرْآنِ . قَالَ : قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ تَعْدِلُ ثُلُثَ الْقُرْآنِ .

«Сендердің бірілеріңнің бір түнде Құранның үште бірін оқуға шамасы жетпей ме? - дейді. Сонда сахабалар: «Құранның үште бірін қалай оқиды?» - деп сұрағанда, Ол (с.а.у.): «Құл һуаллаһу ахад – Құранның үште біріне татиды» деп жауап береді[1].

Осы хадиске қарағанда «Ықылас» сүресін үш рет оқыған кісі Құранды толық оқыған есебінде болады екен. Осыдан келіп, біздің елде және бізге көршілес елдерде «Хатмуль Құран Сағира», яғни, «Қысқа (кішкене) хатм» түсінігі пайда болған.

Ал енді бұндай "Қысқа хатым" (Хатым Құран сағира) делінген түрі Құранды толық оқығанның орнына жүре ме? – дегенге қатысты қазіргі дін мамандары Құранды толық оқығанның орнын баспайды дейді. «Құран хатым» саналу үшін Құран бастан аяқ толық оқылу керек. Ал Ықылас сүресін үш қайыра оқығанға Құранды толық оқығанның сауабы берілетіндігі рас, ал іс жүзінде бастан аяқ оқыған болып есептелмейді. Мұның айырмашылығы неде десеңіз, айырмашылығын мысалмен түсіндіріп өтелік.

Мәселен, Қадір түні жасалған құлшылық мың айға (80 жыл) татиды. Бұл дегеніміз, қадір түні жақсылап құлшылық жасап, кейін өмір бақи намаз оқымай жүре берсе болады дегенге сая ма? Оған саймайды. Ол жерде сауап тұрғысынан айтылған. Тура осы секілді, «Ықылас» сүресін үш рет оқу да сауап тұрғысынан Құранды толық оқығанға тең, бірақ бұл «Құранды бастан аяқ оқыды» дегенді білдірмейді. Хатым Құран болуы үшін Құран бастан аяқ оқылуы керек.

Сондықтан да, Хатым Құран оқығысы келетін кісі Құран кітапты Фатиха сүресінен бастап, Нас сүресіне дейін түгел оқып шығуы керек екен. Сонда ол «Хатым Құран» оқыған болып есептеледі. Және Хатм Құранды бағыштайтын кезде:

1)  Фәтиха сүресі,

2)  Бақараның алғашқы бес аяты,

3) артынан, Хатым дұғасы оқылады.

Бұған байланысты Сахаба Абдулла ибн Аббастың Сахаба Убай ибн Каъбтан жеткізген хадисінде былай делінеді:

وأخرج الدانيُّ بسند حسن عن ابن عباس عن أبيّ بن كعب أن النبي صلى الله عليه وآله وسلم كان إذا قرأ: ﴿قُلْ أَعُوذُ بِرَبِّ النَّاسِ﴾ افتتح من الحمد، ثم قرأ من البقرة إلى: ﴿وَأُولَئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ﴾، ثم دعا بدعاء الختمة، ثم قام] .

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Құл әғузу бироббиннәс»-ты оқығаннан соң (яғни, Құранды хатым еткеннен соң), әлхамдулилләмен ашатын (яғни, фәтиха сүресін оқитын), кейін Бақара сүресінің «Міне солар құтылғандар» деген жеріне дейін оқитын және артынан «Хатм дұғасын» жасайтын. Одан соң тұратын»[2].  

Аталмыш хадисте Алла елшісі Құранды хатым еткеннен соң Хатм дұғасын оқитын кезде, Фатиха мен Бақара сүресінің алғашқы бес аятын оқитындығы айтылған.

Абдусамат Қасым


[1] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». №811 хадис.
[2] Дәрими; Суюти; Әбу Ъамир әд-Дәни келтірген.