«Нәшид» (діни өлең) тыңдауға бола ма?
«Нәшид» (діни өлең) тыңдауға бола ма?
3 жыл бұрын 8041

Сұрақ №1: Әссәләму алейкум! НАШИДТЫҢ ИСЛАМДАҒЫ ҮКІМІ қандай? Мұзафар Насыров

Сұрақ №2: Әссәләмуғалейкум! Нәшид тыңдау кунә ма? Батырбек Нұрмағанбетов

Уағалейкум әссәләм уа рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Нәшид» деп көбінесе діни мазмұнды әндерді айтады. Аллаға зікір, пайғамбарымызға салауат сөздерін қамтитын, Құранның ұлықтығын паш ететін т.б. осындай діни әндерді «нәшид» дейміз. Мұндай өлеңдерді тыңдаудың еш әбестігі жоқ. 

Ибн Кәсирдің (р.а.) «әс-Сиратун нәбәуия» атты кітабында Байһақидан жеткен бір мәлімет орын алған. Ондағы мәліметте Пайғамбарымыз (с.а.у.) Медине қаласына жақындаған уағында, әйелдер мен балалар «Талаъал бәдру аляйна» нәшидін шырқағандығы айтылады. Осыдан да "діни әндерді" тыңдаудың діни тұрғыда ағаттығы жоқ екендігін ұғыну қиын емес.

Осы орайда,  «Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді

Тыңдағанда көңілдің өсері бар…» деп Абай атамыз жырлағандай, иманды әлсірететін, сананы улайтын, қазақи тәлім-тәрбиеге кесірі тиетін шетельдік немесе кейбір отандық әндерді тыңдағаннан гөрі, діни әндерді тыңдаған әлдеқайда абзалырақ. 

Бұнымен қатар, мән-мағынасы жақсы және арсыздықты, әдепсіздікті, нәпсіқұмарлықты т.б. әбес қылықтарды насихаттамайтын өлеңдерді де тыңдаудың күнәсі жоқ деген дін ғалымдары.

Дегенмен де, аталмыш әндерді де орнымен тыңдауды ұмытпаған жөн. Шамадан тыс тыңдап, бүкіл уақытын өлең тыңдаумен өткізу – мәкруһ. Кей жағдайларда рұқсат етілген дүниелерді шектен тыс пайдалану «мәкруһ» үкімін тудырады. Мысалы, ас ішу – мубах (рұқсат). Бірақ,  шамадан тыс ас ішу – мәкруһ. (Тіпті, кей ғалымдар шамадан тыс ас ішуді харам деп есептеген). Өлең тыңдау да дәл осылай.

Ал, мұстахаб амалдарда керісінше, көп істеген сайын сауабы да көбейе бермек.  

Абдусамат Қасым