Компьютерлік клубқа барып, ойын ойнауға бола ма?
Компьютерлік клубқа барып, ойын ойнауға бола ма?
2 ай бұрын 1345

Әссәләмуғалейкум! «PlayStation»  компьютерлік клубқа барып, ойын ойнауға бола ма? Әділжан   

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті Әділжан, Пайғамбарымыз айтады: «Бес нәрсе келмей тұрып бес нәрсенің қадірін біл» - деп. - Кәрілік келмей тұрып, жастығыңның қадірін біл. Сырқаттық келмей тұрып, саулығыңның қадірін біл. Кедейлік келмей тұрып, байлығыңның қадірін біл. Бос уақыт барда, бос уақытыңның қадірін біл»[1].

Сондықтан да, компьютерлік клубтарға барып, ойын ойнауды өз басым құп көрмеймін. Неге десеңіз, біріншіден, уақыт ысырап. Екіншіден, ақша ысырап. Үшіншіден, ондай жерлерде үлкендер жағынан қадағалау болмағандықтан бала еркінсіп, ойынның қызығына батады да ақырында шаршап-шалдығып өзге де маңызды нәрселерге ыңтасы жойылуы мүмкін. Және мұндай жерлерге әдеттенген бала өсе келе түрлі құмар ойындарына әуестене бастауы да ғажап емес.

Негізінен алғанда дініміз ойын ойнап, шариғат талабына сай көңіл көтеріп, жанға жайлы уақыт өткізуден тыймайды. Пайғамбарымыз жұбайы Айша анамызбен жүгіріп жарысатын болған[2]. Алла елшісі (с.а.у.) Аббастың ұлдары Абдулланы, Убайдулланы және Кәсирді қатар қойып: «Кім маған бірінші келеді соған мына, мына нәрселерді беремін», – дейтін. Олар жарыса жүгіріп келіп Оның арқасына, көкірегіне отыратын. Ал Ол (с.а.у) оларды құшақтап, беттерінен сүйетін»[3].

Әйтсе де, тек құр уақыт өткізушісі ойынды емес, адамға пайдасы тиетін ойындарды ойнауға шақырады. Мысалы, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «...Мұсылманның алданып, ермек еткен бос ойындарының (әл-ләһу) барлығы бекершілік (батыл). Тек садақ атып, атқа мінуді үйрену және әйелімен қалжындасу басқа», – деген[4].

Осыған орай, жалпы компьютерлік ойындардың өзін пайдалы әрі пайдасыз деп екіге айырып қарағаныңыз абзал. Лаж болса, ой-өрісті кеңейтетін, ана тілін дамытып, шет тілін үйренуге септігін тигізер немесе пайдалы мәліметтермен қамтамасыз етер пайдалы ойындарды таңдаған артық.  

Одан бөлек компьютерлік ойындарға қатысты төмендегідей біршама ескертулерді де есте сақтап жүрген жөн. Ойнайтын ойыныңыз: 

  1. Құдайсыздыққа, дінсіздікке насихаттайтын,
  2. Дінді, ұлтты немесе жеке басты келе-мазақ ететін,
  3. Бөтен діндердің символикасы қамтылған, оларды насихаттаушы,
  4. Адамның санасына, жүйкесіне, дүниетанымына кері әсер ететін,
  5. Сиқырды, магияны насихаттап, дуагерлерді асқақтататын,
  6. Суицидқа, адам өлтіруге т.б. қылмысқа итермелейтін және түрлі қылмысқа баулитын
  7. Ақша тігіп ойнайтын ұтыс ойындар болмауы керек. 

Қорыта келе айтарымыз, компьютер, ұялы телефон, планшет сынды электронды құрылғылардағы ойындарды ойнаудың күнәсі болмас. Алайда, оған беріліп, бүткіл уақытыңызды сол ойынға жұмсауыңыз мәкруһ үкімін тудырады. Өйткені, ғұламалардың айтуынша, кейде рұқсат етілген нәрселердің өзін шамадан тыс қолдану мәкруһ үкімін тудырады[5]. Оның үстіне, электронды құрылғыларға көп уақыт телміру адамның жүйке жүйесін әлсіретіп, қан қысымын көтереді және көздің көру, ал, құлақтың есту қабілетін төмендетеді. Сондай-ақ, есте сақтау қабілетіне де айтарлықтай кері әсерін тигізетіні жасырын емес.   


[1] Әл-Хаким, әл-Мүстәдрак – 7846.
[2] Әбу Дәуід – №2578 хадис./
[3] Һәйсәми – 5/342 бет, №9352 хадис.
[4] Тирмихи, Фазаилуль Жихад - №1637-хадис.
[5] Тіпті, ертеректе өмір кешкен Ханафи ғұламалары уақытты босқа ысырап етіп (әл-ләһу),  пайдасыз әрекеттерді (әл-ғабәс) тудырар ойындарды ойнау «ауыр мәкрүһ» ретінде санаған.

 

Абдусамат Қасым