Тау көшкіні жайында Құранда айтылған ба?
Тау көшкіні жайында Құранда айтылған ба?
6 жыл бұрын 18996

Ассалямуғалейкум. Соңғы күндері интернет желісінде "Тау көшті" "Тау қозғалып жатыр" деген видеолар көп. Мысалы, Алматы облысы Көлсай ауылындағы оқиғаға қатысты діни тұрғыда қандай түсінік бере аласыздар? Алла С.Т. бұл жөнінде құранда ескерткен бе? gold_fish2502

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құран Кәрімде ашық түрде таудың қозғалатындығы және жүретіндігі айтылады. Атап айтсақ, Құран Кәрім, «Нәмл» сүресі, 88 аятта былай баяндалған:

وَتَرَى الْجِبَالَ تَحْسَبُهَا جَامِدَةً وَهِيَ تَمُرُّ مَرَّ السَّحَابِ ۚ صُنْعَ اللَّهِ الَّذِي أَتْقَنَ كُلَّ شَيْءٍ ۚ إِنَّهُ خَبِيرٌ بِمَا تَفْعَلُونَ 

«Тауларға қарағаныңда оны табжылмай тұр деп ойлап қаласың. Негізінде тау - бұлттың жүрісі сияқты жүреді. Бұл - әр нәрсені кемшіліксіз жасаған Алланың шеберлігі. Күдіксіз Ол, сендердің не істеп жатқандарыңнан хабардар».  

Басқа бір аятта: 

وَتَسِيرُ الْجِبَالُ سَيْرًا

«Ол күні таулар жүреді (тез не қатты яки тоқтап-тоқтап)». («Тур» сүресі, 10 аят).

Ал, таулардың қозғалуының себебін Құран Кәрім «Аллаға деген қорқыныштарынан» деп түсіндіреді.

Мысалы, «Бақара» сүресі, 74 аятында былай делінеді:

وَإِنَّ مِنْهَا لَمَا يَهْبِطُ مِنْ خَشْيَةِ اللَّهِ  

«...Шынында, кей тастар Алладан қорқып құлайды...». Бақара сүресі, 74 аят.

Ал, «Хашр» сүресінде:

لَوْ أَنزَلْنَا هَـٰذَا الْقُرْآنَ عَلَىٰ جَبَلٍ لَّرَأَيْتَهُ خَاشِعًا مُّتَصَدِّعًا مِّنْ خَشْيَةِ اللَّهِ ۚ وَتِلْكَ الْأَمْثَالُ نَضْرِبُهَا لِلنَّاسِ لَعَلَّهُمْ يَتَفَكَّرُونَ

«Егер осы Құранды біз тауға түсіргенімізде, Аллаға деген қорқыныштан үрейленіп, быт-шыт болғанын көрер едің. Бұл мысалдарды адам баласы ойлансын деп келтіреміз» делінген. Хашр сүресі, 21 аят.

Қорытындылай келе, бүкіл әлем Алланың жаратқан белгілі заңдылықтарына бағынатындығы өтірік емес. Ондай заңдылықты Исламда «сүннәтуллаһ» деп атайды. Тау көшкіні, таудың қозғалысы бұлар да табиғи құбылыс. Сондықтан да, оның да белгілі бір табиғи заңдылықпен болып жататынынын жоққа шығара алмаймыз. Алайда, оны (табиғи себебін) анықтауды пенделерге қалдырып, Құран бізге беймәлім тұсына ишара еткісі келгендей. Өйткені, біз әр нәрсенің тек материалды тұсын ғана көреміз де, оның мағнауи жағына ақылымыз шектеулі. Мәселен, Құранда таулардың өздеріне тән тәспихаттары, зікірлері бар екендігі айтылған (Әнбия-74). Бірақ, онысы бізге белгісіз.

Осы тұрғыда, ғылыми түсініктемесін меңзеген аят жоқ деп те кесіп айтудан аулақпыз. Кім біледі, қазір білінбегенімен, болашақта ондай аят анықталып, жария етіліп жатуы да ғажап емес.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!  

Абдусамат Қасым