Наурыз мерекесін тойлау харам ба?
Наурыз мерекесін тойлау харам ба?
7 жыл бұрын 23294

Бір кісілер наурыз тойлау харам. Ғалымдар бір ауыздан келіскен» дейді, - осы мәселеде. Сіз осыған не дейсіз? Шынымен де наурызды тойлау харам ба? Абзал Темірқұлов

Бисмиллаһир рахманир рахим! Әлхамдулиллә! Уассаләту уәссәләму аля расулиллә!

Құрметті сауал жолдаушы, Наурыз мейрамының түбі сонау парсыларға барып тірелетіндігі бәріне мәлім. Ислам діні келмей тұрып отқа табынушы парсы халқы Наурыз мейрамын жаңа жыл ретінде мерекелейтін. Кейінірек Иран жеріне мұсылмандар аяқ басқаннан соң аталмыш үрдіс мұсылмандардың арасына жайыла бастады. Тіпті, Умеяттардың халифалығы кезеңінде аса қаніпезерлігімен таңылған Хажжаж ибн Юсуф әс-Сақафи тарапынан бұл мейрам кейбір өлкелерде ресми түрде бекітілсе, шиизм ағымын дәріптейтін Фатимиттердің дәуірінде мұсылмандар мекендейтін өзге аймақтарда тойлана бастаған. Аббаси халифасы Мүтәуәккил Алалланың наурыз мейрамын жақсы көргендігі тарих кітаптарында айтылады.

Түркі тілдес халықтарында 21-22 Наурыз мейрамы б.з.д. VIII ғасырдан бері жаңа жыл мерекесі ретінде тойланып келеді.

Өзіңіз айтпақшы, аталмыш мейрамға үзілді‒кесілді қарсы шыққан беделді дін ғұламалары бар болды. Арасында Ханафи ғалымдары да бар‒тын. Бірақ, олардың бұл тыйымдарын мәжуси сеніміне сүйенетін және зардұштылық діни рәсімдері орын алған наурыз мейрамына қатысты деп алуға болады. Өйткені, кейінірек Ханафи ғалымдары арасында аталмыш мейрамға оң қабақ танытқандар шықты. Мәліметтерге қарағанда, солардың бірі XV‒XVI ғасырда өмір кешкен, «Шейхуль Ислам» атағын алған Ханафи ғұламасы Мұхаммед Әбу Сууд Эфенди (м.1490-1574 ж.) еді. Деректерге сүйенсек, Шейхуль Ислам Әбу Суудқа (р.а.) мынадай пәтуа тиесілі етіледі. Ескі Османлы тілімен жазылған бұл сұрақ-жауап күйіндегі пәтуада былай делінген:

«‒ Mesele Nevruz gününde zeyd‒і müsellem eyü libaslarını giyüp yiyüp içse, yaranlarıyla sahrâya gitse, ism lâzım gelür mi?

 Cevap:
‒ Nesne lâzım gelmez. Nevruz Mecûsî degüldür. Nevruz sultânî (örfte var olan bir âdet) dir. 

 Сұрақ:
‒Наурыз күнінде әсем киімдерін киім, жеп‒ішсе, жолдастарымен бірге қырға шықса, күнә жазыла ма?

‒Еш нәрсе болмайды (күнә жазылмайды). Наурыз – мәжуси әдеті емес. Наурыз – сұлтани-дүр (халықтың әдет‒ғұрыпында бар нәрсе немесе ресми статусы бар мейрам –ауд.)»[1],[2].

Мұсылман қазақ ұлты да көнеден бері Наурыз мейрамын тойлап келгендігі мәлім. Қазақ қоғамында наурыз мейрамы діни бояуын жоғалтқан, отқа табынатын зардұштылық дінінің элементтерінен ада және халық арасында тек дәстүр ретінде танылған мейрам ретінде қалыптасқан. Ал, фиқһ ғылымында: "Харам үкімін тудырған себептің жойылуы ‒ үкімнің де жойылуына алып келеді» дейтін қағида бар.

Шариғатта екі мейрам бар: Ораза айт пен Құрбан айт мейрамдары. 22 наурыз мейрамы діни мейрам емес. Бірақ, қазақ салт‒дәстүрінде ерекше орны бар құбылыс. Шариғат дінге теріс келмейтін дәстүрлерге рұқсат еткен.

Қорытындылай айтқанда, оттан секіру, отқа тәу ету т.б. осы секілді дінімізге жат зардұштылық (зороастризм) әдеттер мен ішімдік ішу сияқты харам істер орын алмайтын болса, наурыз мейрамын атап өтуді харам деуге болмайды.


[1] Abdullah ŞENGÜL: TÜRK KÜLTÜRÜNDE NEVRUZ.
[2] Аталмыш пәтуаға сүйеніп, түркия дін істері басқармасы тарапынан шығарылатын діни жұрналдың 2008 жылы шыққан санында, Наурыз мейрамын тойлаудың Ислам дініне еш қайшылығы жоқ екендігі айтылған. 

 

Абдусамат Қасым