Әйелдердің еркектерден көп болатындығы жөнінде Исламда не айтылған?
Әйелдердің еркектерден көп болатындығы жөнінде Исламда не айтылған?
6 ай бұрын 4585

Ассаламуғалейкум! Қыз балалардың ұл балалардан көп туылуы туралы исламда не айтылған? Мұрат 

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Хадис кітаптарында келтірілген сахих хадисте Сахаба Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай дейді:

«Мен Пайғамбарымыздың былай дегендігін естідім: «Ақыр заман белгілерінен бірі мыналар: ілім жойылып, надандық белең алады. Зина (ойнас) жайылып, шарап ішушілер көбейеді. Еркек кіндіктілер азайып, әйелдер артады. Артатыны сондай, қамқорлық етер бір ер азаматқа елу әйелден келетін болады»[1].   

Сахих Бұхари. Сахих Мүслім.

 Демек, хадиске қарағанда ақыр заман жақындағанда:

1. Іліміне амал етуші ғалымдар азайып, орнын құр ауызбен сайрайтын мұнафиқтар басады. Бір мәжілісте Пайғамбарымыз (с.а.у.) қиямет жақындағанда ілімнің жойылып кететіндігі жөнінде сөз етеді. Сонда қасындағы сахаба Зияд ибн Лүбәйд (р.а.): «Қалайша ілім кетеді, біз өзіміз Құран оқып, әйел, бала-шағаларымызға да оқытып жатырмыз? Қияметке дейін осылай болмақ емес пе?», деп сұрайды. Сонда, Пайғамбарымыз: «Анаң сені жоғалтсын, уә Зияд! Мен сені Мәдинадағы ең зерек кісі деп ойлаймын. Яһуди мен Христиан дініндегілер де Таурат пен Інжілді оқиды, бірақ, олар ондағы жазылған еш нәрсені амалға асырмайды», - деп жауап береді[2].

Басқа бір хадисте: "Алла Тағала адамдардан ғұламаларды алу арқылы білімді алып қоятындығы, ғалымдар қалмағаннан соң халық білімсіз надандарды өздеріне көшбасшы етіп, олардан үкімдер сұрайтындығы, осылайша олар пəтуə беріп, өздерін де, өзгелерді де адастыратындығы" айтылған. (Бұхари). Алла иманымызды кәміл етіп, іліміне амал етуші ғалымдардан еткей!

2. Зина жасаушылар көбейеді. Ақыр заман жақындағанда қоғамда ойнастың кең етек алатындығы соншалықты, адамдар көше ортасында ойнасқа түсетін жағдайға жетеді. Сонда адамдардың арасындағы ең тақуа дегеннің өзі «тым құрығанда, ана дуалдың артына барсаңдаршы» деп айтады екен. Және адамдардың азып кететіні сондай, әлгі сөзді айтатын адам олардың көзінде Әзіреті Әбу Бәкір мен Әзіреті Омармен теңдей көрінеді екен.

3. Шарап ішушілер көбейеді. Қазіргі таңда шарап ішілмейтін той-томалақ, ішімдік сатылмайтын дүкен жоқ. Мұсылман мемлекеттерінің өздерінде ішімдіктер еркін саудаға түскен. Бұл – арақ-шарапты тұтынушылардың көптігінің белгісі.

4. Нәзік жандылардың саны күрт артып, өздеріне қамқор болар, нәпақамен қамтамасыз етер ер азамат табулары қиындайды. Елу әйел кісі бір ер кісінің қолына қарайтындай дәрежеге жетеді екен. Бұнымен қатар, тұрмыс құрмаған қыз-келіншектердің саны артқан сайын, жеңіл жүрістілік белең алары сөзсіз.  

Жүректерді құбылтушы Жасаған Иеміз жүректерімізді өзінің дініне табанды етсін!


[1] Сахих Бұхари, Сахих Мүслім.
[2] Ибн Мәжә: Сүнән – Китабуль фитән. №4048 хадис.

Абдусамат Қасым