Қыз баланың даусы ғаурат болып санала ма?
Қыз баланың даусы ғаурат болып санала ма?
6 жыл бұрын 11962

Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! АЛЛАҺ істеріңізге береке берсін! Қызбаланың дауысы әурет болып санала ма? Айсұлтан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал қоюшы, осы тақырыпқа байланысты сұрақ жиі қойылатындықтан, жауабымызды жария түрде беруді жөн санадық. Әйел баласының даусы ғаурат болып саналмайды. Бұған Құрандағы ашық аяттар мен Пайғамбарымыздың өткен өмірі дәлел. Мысалы бір аятта: «Сенен хайыз жайында пәтуа сұрайды» делінсе, «Мүжәдәлә» сүресінің әуелгі аятында: «Шынында Алла, ері жайында шағым айтып, сенімен тартысқан әйелдің сөзін естіді...», - делінген[1]. Мұның бәрі әйел кісінің даусы әурет емес екендігінің айғағы.

Тек мына нәрсені ұмытпаған жөн: әйел кісілер бөтен ер кісілерге сөйлегенде тым наздана, сызылып сөйлемегендері дұрыс. Құран Кәрімде Жаратушы Иеміз: «Тым наздана сөйлемеңдер», - деп бұйырады. - «Жүректерінде дерті бар әлдебір еркектер дәмеленеді (немесе дәмеленуі мүмкін)», - делінеді аяттың жалғасында.

Әрине, бұл дегеніміз сыпайылықты жоғалтып, дөрекілікке басу керек деген сөз емес. Ешқандай бөтен ой тудырмайтындай орнымен сыпайы, мәдениетті түрде сөйлеудің ағаттығы жоқ. Бұны аталмыш аяттың сөңғы бөлімінен түсінуге болады: «Және әдеттегінше жақсы сөз сөйлеңдер (немесе әдеттегідей сөз сөйлеңдер)»[2], - делінеді ол аятта.


[1] Мүжәдәл сүресі, 1 аят. 
[2] Ахзаб сүресі, 32 аят.

Абдусамат Қасым