Оразаға қатысты үш сұрақ (хайыз төңірегінде...)
Оразаға қатысты үш сұрақ (хайыз төңірегінде...)
8 жыл бұрын 107690

- Хайызы келген әйелдің хайызы күндіз тоқтаса, ораза ұстай ма? Әлде, ертеңінен бастай ма?

- Оразада сәресіден кейінгі уақыттарда хайызы тоқтаған әйел сол күннің қалған уақытын оразаға ниет етпестен, жай ауызы берік күйде еш нәрсе ішіп-жемей өткізеді. Бірақ, айттан кейін, өзге ұстамаған күндерімен қосып, сол күннің де қазасын өтейді[1].Сахих Хадистің бірінде Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деген: «Кім бір нәрсе жеп қойған болса, аузын күннің соңына дейін берік етіп тәмәмдасын. Ал ештеме жемеген адам, сол күйінше жемесін (ораза ұстасын)!»[2].

- Менде етеккір 3 күн келіп тоқтады. Сәреге дейін келмегендіктен бітті деп ғұсыл алып, аузымды бекіттім. Ауыз ашар уақытына таяғанда шамалы тамшылап етеккір қайта келді. Оған қарамастан, дәрет алып оразамды жалғастырдым. Бұлай жасағаным дұрыс па? Әлде, сол күнгі оразам бұзылды ма?

 - Хайз келсе, ораза бұзылады. Ондай жағдайда әйел ауызын ашып, асын ішеді. Рамазан айы біткеннен кейін, айттан соң сол күнді өзге ұстамаған күндерімен қосып, қазасын өтейді. Сіз айтып отырғандай жасаудың қажеті жоқ.

- Әйел адамның хайызы тоқтағаннан кейін ғұсылсыз ауыз бекіте беруіне бола ма? Және хайыз бесін намазында тазарса, не істегені дұрыс?

- Ханафи фиқһ кітаптарындағы мәлімет бойынша, Хайыздың келуі он күнге толмай тоқтаған жағдайда қарайды: Егер, таң намазы кіруіне ең аз ғұсылданып, оқылмаған құптан намазына ниет етіп бастай алатындай уақыт қалған болса, оразаны ұстайды және жіберіп алған құптан намазының қазасын өтейді. Ал, ондай уақыт қалмаған болса таң намазы кіруіне (мысалы тек 5 минут қалды делік), онда ол кісі ол күнгі оразаға ниет етпейді, Рамазаннан кейін өзге күндерге қосып қазасын өтейді. Бұл - хайызы он күнге толмай тоқтағандарға қатысты. Ал, хайызы он күн келіп тоқтаған әйел кісілер таң намазына азғантай уақыт қалса да сол күнгі оразаға ниет етіп ұстап кете береді[3]. Ол үшін алдымен ғұсылдану шарт емес. Ауыз бекіткеннен кейін де ғұсылдануына болады. Әйткенмен, уақыты бар әйел алдымен ғұсылданып, сосын ауыз бекітем десе де өз еркі.

Хайыздан бесін намазында тазарған әйел, сол күннің қалған уақытын оразаға ниет етпестен, жай ауызы берік күйде өткізеді. Айттан кейін өзге жіберіп алған күндерімен қоса, қазасын өтейді. 


[1] Сахих Бухари, Китабус Сиям, 1824-хадис
[2] Шүрүнбүләли: Имдәд – 660 бет.; Әл-Махбуби: ән-Нуқоя. Ораза.
[3] әл-Кәсәни: Бадаиғу - 2/597 бет.

Абдусамат Қасым