Оразада гинекологқа қаралса, оразасы бұзыла ма?
Оразада гинекологқа қаралса, оразасы бұзыла ма?
8 жыл бұрын 32364

Сәлеметсіз бе! Ораза ұстаған адамға тамырдан қан алдыруға (анализ тапсыру үшін) және гинекологқа қаралуға (УЗИ органов малого таза) бола ма? 

Сәлеметсіз бе! Ораза ұстаған адамға қан алдыруға болады, оразаны бұзбайды. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) ораза кезінде хижама жасатқандығы риуаяттарда келтірілген[1]. (Хижама - емдік мақсатта қан алдыру).

Кіші жамбас қуысы ағзаларына УДЗ жүргізу мәселесіне келер болсақ (УДЗ – ультра дыбыстық зерттеу), УДЗ үш түрлі болып келеді екен:

  1. Трансабдоминальды (абдоминальное)
  2. Трансвагинальды (әйелдерге арналған)
  3. Трансректальды (ер кісілерге тік ішектен енгізеді) 

Соңғы екі жолда аппаратқа резеңкеден жасалған қаптауыш кигізіліп, оған гель жағылады. Сосын аталмыш аппаратты енгізеді[2]. Шариғи ереже бойынша, қандай да бір зат адамның ішкі организіміне енгізілген уақытта түбегейлі ішке көмілмей, бір ұшы сыртта тұрса, ол оразаны бұзбайды. Бірақ, ондай затқа іште қалып кететіндей бөлек бір нәрсе жағылған болса, ол басқа[3]. 

Осыған орай айтарымыз, аталмыш екі жолдың бірімен кіші жамбас қуысы ағзаларына УДЗ жүргізген кезде, енгізілетін аппаратқа жағылған гельдің іште қалып қою ықтималдығы басым. Сондықтан да, оразаны бұзады деуге негіз бар. Хадисте де айтылғандай: «Оразаны ішке түскен нәрселер бұзады, сыртқа шыққан нәрселер емес»[4]. Ондай жағдайда, ораза ұстаушы сол күнгі оразасын соңына дейін тәмәмдап (егер, бөлек ем үшін дәрі-дәрмек қабылдау қажет болмаса), Рамазан айы аяқталғаннан кейін (айттан соң) аталмыш бір күннің қазасын өтейді, кәффәрат керек емес.

Осы тұрғыда, гинекологиялық аспап еш нәрсе жағылмай құр өзі енгізілген жағдайда, іште бір нәрсе қалып кету қауіпі болмағандықтан, оразаны бұзбайды.  

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


[1] Бухари, Саум, 1837-хадис.
[2] http://www.rusmedserv.com/
[3] Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтар, 6/267 бет.
[4] Имам Зайлағи: Насбур риуая, Китабус сиям. 15-хадис.

Абдусамат Қасым