Түркі әлемінің зиялылары Түркістанда бас қосты (ФОТО)
Түркі әлемінің зиялылары Түркістанда бас қосты (ФОТО)
8 жыл бұрын 2690 inform.kz

Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ЮНЕСКО-ның 2016 жылды «Қожа Ахмет Ясауи жылы» деп жариялауына орай түркі әлемінің зиялылары бас қосты.

Түркі әлемінің түп қазығы Түркістан шаһарында өткен бұл жиынның Түркі әлемі үшін маңызы зор. Салтанатты жиын Түркиядағы «Түркі әлемінің жазушылары және көркемөнерпаздары қорының» кезекті «XX халықаралық түркі әлеміне еңбегі сіңген тұлғаларды марапаттау» рәсімімен басталды. Ол «Түркі тілдес республикалардың Тәуелсіздігіне 25 жыл» атты ғылыми мәні бар жиынға ұласты.

Ғылыми басқосуды Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізді. Жиынға келген түркі әлемінің зиялылары, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, ЮНЕСКО бойынша аталған «Ахмет Йассауи жылы», университет құрылуының 25 жылдығы мерейтойларымен құттықтады. сондай-ақ, Түркия мемлекетінің «Ататүрікті еске алу және жастар мен спорт күні» мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Зиялы тұлғалар түркі халықтарының тарихына тоқталып, ортақ мақсат-мұраттар, алдағы атқарылар игілікті істер жайында сөз қозғады.

Бұған дейін әлемнің Лефкоша (Кипр), Баку (Әзербайжан), Ускуф (Македония), Нью-Иорк (АҚШ), Бішкек (Қырғызстан) сияқты қалаларында шымылдығы түрілген «Халықаралық түркі әлеміне еңбегі сіңген тұлғаларды марапаттау рәсімінің» кезекті жиырмасыншы рәсімінің Түркістанда өтуі кездейсоқтық емес.

Биылғы айтулы шараның марапат иелері қатарында Әзербайжан мемлекетінің саясаткері, журналист Г.Пашаева, Қырғызстан мемлекетінің Түркиядағы бұрынғы Төтенше және Өкілетті Елшісі Б.Қаламбекова, македониялық Т.Ибрайми, Ахмет Йассауи университеті Өкілетті Кеңесінің төрағасы, профессор Мұса Йылдыз, Әлем және Түркі халықтарының ақыны, жазушы О. Сүлейменов және жазушы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты М. Байғұт бар. Сонымен қатар Түркияның «Газиантеп»  университетінің ректоры, профессор М.Я.Жошкун, Түркі әлемі біліміне еңбек сіңірген Қ.Бұлбұл,  ТРТ-1 телеарнасының журналисі М.Боздағ, профессор Х.Кошан, Тіл  маманы, жазушы Ю.Гедикли, қылқалам шебері, профессор А.Караоғлу, «Анадолы ауыл қорғаушылары және шейіт отбасылары конфедерациясының» басшысы З.Сөзен, Түркі әлемі жазушылар және көркемөнерпаздар қорының төрағасы Я.Акенгин,  журналист, жазушы, ақын М.У.Йылмаз, Самсун қаласы әкімшілігінің мәдениет және әлеуметтік департаментінің басшысы Н.Чамаш қордың арнайы естелік кәдесыйымен марапатталды. Мұнымен қатар түркі әлемі зиялыларына университеттің «Йассауи жылы» медалі де табысталды.

Сондай-ақ, аталмыш университеттің 60-тан аса ардагер оқытушы-профессорлары мен қызметкерлеріне мерейтойлық «25 жыл» және «Йассауи жылы» медалі салтанатты түрде тапсырылды, деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметі.

null

 null     

null

null

null

null

null 

0 пікір
Мұрағат