Құқық қорғаушылар ұялы телефонды ескертусіз бұғаттай алады
Құқық қорғаушылар ұялы телефонды ескертусіз бұғаттай алады
8 жыл бұрын 3309 BNews.kz

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында байланыс желілері арқылы шұғыл іздестіру шараларымен айналысатын органдарға байланыс желілері мен байланыс құралдарын бұғаттауға рұқсат беру көзделіп отыр. 

«Сондай-ақ, ұялы телефон саудасын тәртіпке келтіру мақсатында IMEI-коды бірдей телефондарды республика аумағына әкелуге тыйым салу қарастырылған. Ол үшін ел аумағында қолданылып жүрген барлық құрал-жабдықтардың IMEI-код базасын құру жоспарланып отыр. Соның бәрін абоненттер нөмірлерімен тіркеуге алу қажет. Осының арқасында құқық қорғаушылар шұғыл әрекет ете алады. Сондай-ақ, контрафактілік өнімдердің көлемін азайтып, ұялы телефондарды ұрлау әрекеттерінің санын төмендетуге мүмкіндік бар», - дейді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев.

Оның айтуынша, қаржы министрлігі терроризмге қатысы бар деген операцияларды бақылай алады. Министрлікке кіретін қаржы мониторинг комитетіне құқық қорғау, арнайы және тағы басқа органдардың ақпарат алмасу жүйесіне кіруге рұқсат беріледі.

Айта кетейік, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында экстремистік және террористік қылмыстар үшін жазалау шараларын күшейту, қару-жарақтың заңсыз айналымы, заңсыз көші-қон және есірткі бизнесі саласындағы қылмыстарға қатысты балама тергеуді енгізу, атуға дайын тұрған қару-жарақты сатуға тыйым салу, қару-жарақ, оқ-дәрі мен жарылғыш заттары бар нысандарды күзететін ұйымдарға ерекше талаптар белгілеу, қару-жарақ айналымына, оны сақтау тәртібіне бақылауды күшейту, соның ішінде, азаматтық және қызметтік қару-жарақ пен оқ-дәрінің айналымы саласында жұмыс істейтін, сондай-ақ, күзет қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлік субьектілерді мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібін қолға алу, экстремизм мен терроризмге ықпал ететін діни топтар мен бірлестіктердің іс-әрекеттеріне тыйым салу, күзет құрылымдарының және террористік қауіп тұрғысынан дұрыс күзетке алынбаған нысан иелерінің терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы сақтамағаны үшін, сондай-ақ арнайы теxникалық құралдардың жарамсыздығы үшін әкімшілік жауапкершілігін белгілеу, жеке тұлғаларды тіркеу тәртібін бұзған адамдар үшін кейбір мемлекеттік қызмет көрсетуге рұқсат беруді шектеу, елді мекендерде өмір сүрудің санитарлық нормаларын белгілеу, сондай-ақ, заңнаманы бұзған жағдайда шетелдіктерді елден шығару үшін негіздемелерді нақтылауға бағытталған түзетулерді бірқатар заңнамалық актілерге енгізу шаралары қарастырылған.

0 пікір
Мұрағат