Халал сертификатына ие болған кәсіпорындар
Халал сертификатына ие болған кәсіпорындар
5 ай бұрын 545 halaldamu.kz
ЖЕТІСУ ОБЛ.: «JD AS UI» КОНДИТЕРЛІК ӨНІМДЕРІ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Жетісу облысындағы «Жанар» кәсіпорнының «JD As ui» сауда белгісімен шығарылатын кондитерлік өнімдері «QMDB Halal» стандартына сай сертификатталды. «Халал Дамудың» жергілікті өкілі Мұхаммед Ордыбай кондитерлік цехтың ашылу салтанатына қатысып, кәсіпорын иесіне халал сертификатын табыстады.

«Кондитерлік кәсіпорындар көп, алайда, халал талаптарына сай өнім өндіретіндер саусақпен санарлық. Сол себепті, сертификат алуға өтініш білдірген «Жанар» кәсіпорнымен тығыз байланыста тиісті жұмыстар атқардық. Бірнеше мәрте аудит шаралары орындалып, зертханалық тексеріс жүргізілді. Бақылау-қадағалау шараларының оң нәтижесінен кейін сертфикат табыстап отырмыз», – деп хабарлайды жергілікті өкіліміз.

«Жанар» кәсіпорнының кондитерлік өнімдеріне берілген халал сертификаты: 30.11.2023-29.11.2024 мерзімі аралығында бір жылға жарамды. Мекен-жайы: Жетісу облысы, Үшарал қаласы, Д.Қонаев көшесі, 25А.

СҚО: «CHIC» СҮТ ӨНІМДЕРІ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты «Chic» сүт өнімдері сертификатталды. «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы кәсіпорын өкіліне «QMDB Halal» сертификатын табыстап, кәсіптеріне береке тіледі.

«Ел аумағында халал кәсіпорындар санының артуы – халал саласының дамуының көрінісі деп түсінеміз. Әсіресе, солтүстік өңірдегі тұтынушыларға халал өнімдер қажет-ақ. Осы орайда, «Tezis» кәсіпорнына халал саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғысымды білдіремін. Одан әрі тұрақты айлық аудит шаралары жүргізіліп, бірлескен жұмысымызды жалғастыра береміз деп сенемін», – деді А.Асқарбекұлы.

«Tezis» кәсіпорнының «Chic» сауда белгісімен шығарылатын сүт өнімдеріне берілген «QMDB Halal» сертификаты 30.11.2023-29.11.2024 мерзімі аралығында бір жылға жарамды. Мекен-жайы: СҚО, Айыртау ауданы, Саумалкөл ауылы, МКР көшесі, 22а.

АЛМАТЫ ОБЛ.: «GRANT QUS» ФАБРИКАСЫ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Алматы облысындағы «Qrant Qus» фабрикасы халал стандартына сай сертификатталды. «Халал Дамудың» жергілікті өкілі Жанәбіл Жұмабеков мешітке жиналған жамағат алдында кәсіпорын өкіліне «QMDB Halal» сертификатын табыстады.

Фабрикадағы құстың жем-азығынан бастап, халал талаптарына сай өсірілуі, бапталуы, бауыздалуы, сақталуы, тасымалдануы толықтай қадағаланды. Мамандар тарапынан бірнеше рет аудит шаралары орындалып, халал талаптарына сәйкестігі анықталды.

«Qrant Qus» фабрикасына берілген сертификат 16.11.2023-15.11.2024 мерзімі аралығында бір жылға жарамды. Мекен-жайы: Алматы обл., Іле ауданы, Чапаев ауылдық округі, Чапаев ауылы, 19 жер телімі.

ЖЕТІСУ ОБЛ.: БІРҚАТАР КӘСІПОРЫНДАР СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Талдықорған облысындағы бірқатар кәсіпорындар сертификатталды. Атап айтқанда, «Sauda-Lux» және «Исмайл» кәсіпорындарына «QMDB Halal» сертификаты табысталды.

«Аталған кәсіпорындарды сертификаттау барысында технолог мамандармен бірлесе бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, өндіріс аумағы тексеріліп, шикізаттар мен тағамдық қоспалар лабораториялық сынамадан өткізілді. Аудит шараларының оң қорытындысынан кейін «QMDB HALAL» сертификаты табысталды», – дейді жергілікті өкіліміз Мұхаммед Ордыбай.

0 пікір
Мұрағат