Қазақстандық банктер жарнамаға қанша қаржы жұмсайды?
Қазақстандық банктер жарнамаға қанша қаржы жұмсайды?
8 жыл бұрын 4198

2015 жылы Қазақстанның 11 екінші деңгейлі банкі жарнама рейтингі бойынша шығындарын арттырды. Ребрендингтен (брендті немесе атауды өзгерту) өткен банктердің жарнамалық шығыны 2,5 есеге артқан. 2015 жылы банк секторындағы жарнама нарығына  жалпы 11,65 млрд теңге жұмсалған. Бұл 2014 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 0,71%-ға жоғары. 

Кursiv.kz сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, жарнама үшін ең көп қаражат жұмсаған банктердің көшін ForteBank бастап тұр. Қаржы институты жарнамаға 1,87 млрд теңге жұмсаған. 2014 жылмен салыстырғанда банктің жарнамалық шығыны 2,4 есеге артқан. Бұл жылы жарнамаға 762,00 млн теңге бөлінген.

«2015 жылы ForteBank брендіне белсенді түрде инвестиция салынды. Үш бірдей банк біріккеннен кейін Forte үшін банктің танымалдығын жылдам арттыру басты тапсырмалардың бірі болды. Сондықтан біз осыған баса назар аудардық», — дейді ForteBank-тің маркетинг бөлімінің өкілі Антон Ким.

Екінші орында Kaspi Bank. 2015 жылы банк жарнамаға 1,40 млрд теңге жұмсаған. Бұл 2014 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 0,86%-ға аз. Kaspi Bank өкілдерінің сөзінше телевизиялық жарнамалар арқылы үлкен аудитория жинауға болады.

2015 жылы аталған банк «Kaspi қаһармандары» науқанын бастап, оған барлық ірі шөл далаларын жүгіріп өткен белгілі марафоншы Марат Жыланбаев, 16 жылдан бері өзінің бүкіл уақыты мен күшін асырап алған балаларына жұмсап жүрген 350 баланың анасы Тұяқ Есқожина, әлемнің ең биік 14 шыңын бағындырған альпинист Мақсұт Жұмаев және әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионы атанған Назым Қызайбай қатыстыЖарнамалық науқанның басты мақсаты — адамдарды қанаттандырып, үлкен жетістіктерге жету үшін өздерін өзгертуге шақыру.

Ал жарнама үшін миллиард қаржы жұмсаған Еуразиялық банк үшінші орынға тұрақтады. Банк 2014 жылы 1,25 млрд теңге жұмсаса, 2015 жылы 1,097 млрд доллар қаражат жұмсап, жарнама бюджетін 12,54%-ға қысқартқан.

Қазақстанның Халық банкі болса 2015 жылы жарнамаға 993,00 млн теңге жұмсаған. Жарнамаға кеткен қаражат бұдан бір жыл бөрынғы деңгейде сақталған. Сондай-ақ, банк өкілдерінің сөзінше, барлық банктер 2016 жылы ТВ-да шығатын жарнамаға арналған қаражат қысқартуы мүмкін.

Қазкоммерцбанк бір жыл ішінде жарнама бюджетін 17,51%-ға арттырып, бесінші орынға ие болды. Сонымен банк 2015 жылы өз өнімдері мен бренд танымалдығын арттыру мақсатында 926,00 млн теңге қаражат жұмсады. Жарнама бюджетінің мұндай сомаға дейін артуы Қазком мен БТА банк арасындағы интеграцияға байланысты болуы мүмкін.

Сондай-ақ, ForteBankтен кейін жарнамалық бюджетін екі есе арттырған қаржы институттарының арасында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бар. Банк 2014 жылмен салыстырғанда 2015 жылы жарнамаға жұмсалатын қаржыны 261,31 млн теңге арттырған. Яғни 2014 жылы 261,641 млн теңге жұмсаса, 2015 жылы 522,92 млн теңгені құрады. Бәрімізге белгілі аталған банкте тұрғын үй құрылыс жинағы ұлттық валютада салынады. Алайда  теңге құны әлсірегеннен кейін қазақстандықтар теңгедегі депозиттерін шетел валютасына ауыстыра бастады. Осыдан соң банк белсенді түрде жарнамалық науқандар өткізе бастады деуге болады.

Банк Астананың жарнама үшін жұмсаған қаржысы 269,15 млн теңгеге дейін өсті. Бұл қаржы 2014 жылмен салыстырғанда 87,39 млн теңгеге артық. Банк Астана жарнамалық шығынын екі есе арттырған үшінші қаржы институты. Айта кетерлігі, 2015 жылдың 10 наурызында «Банк «Астана-финанс» «Банк Астана» АҚ болып өзгертілді. Банктің жарнама шығынының артуын осымен байланыстыруға да болады.

Бұдан бөлек жарнама шығындарын қысқартқан банктерде бар. Мысалы Цеснабанк 2014 жылы жарнамаға 1,16 млрд теңге жұмсағанмен 2015 жылы қаржыны 574,08 млн теңгеге (49,36%) қысқартты.

Банк Хоум Кредит  болса жарнама мен маркетингке бөлінетін қаржыны 329,67 млн теңгеге немесе 43,58%-ға қысқартып, 426,85 млн теңге шамасында қаражат жұмсады.

Жарнама бюджетін қысқартқан банктер қатарында Нұрбанкте бар. Банк 2015 жылы жарнамаға бар болғаны 181,92 млн теңге жұмсаған.

Ал Сбербанк 2014 жылы жарнама үшін 572,0 млн теңгеге шығындалса, 2015 жылы шығындар 165,0 млн теңгеге қысқартылып, 407,0 млн теңгені құрады. Банк осы жылы депозит бойынша жарнама науқаны мен «Сбербанктен автокөлік ұтып ал» акциясын өткізді. Нәтижесінде 17 автокөлік ойнатылды.

Банк ВТБ (Қазақстан) 2015 жылы 359,19 млн теңгеден 290,29 млн теңгеге дейін қысқартты. Банк өкілдерінің сөзінше, банк жарнаманың тек бір түріне ғана назар аудармай басқа да жарнама микстері мен PR-құралдарын пайдаланады. 

0 пікір
Мұрағат