Қазақстанда суицидке итермелеу қылмыстық жауапкершiлiкке жатқызылмақ
Қазақстанда суицидке итермелеу қылмыстық жауапкершiлiкке жатқызылмақ
6 жыл бұрын 3372

Қазақстанда суицидке итермелеу қылмыстық жауапкершiлiкке жатқызылмақ. Бұл жауапкершiлiк бойынша суицид тақырыбындағы сайттардың әкiмшiлерi де жазаланбақ. Осы жайында ҚР IIМ вице-министрi Рашид Жақыпов айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат көзі. 

«Балалардың сайттар мен әлеуметтiк желiлердегi ақпаратқа шексiз қол жеткiзуi олардың тәртiбiне әсер етедi. Дегенмен, отбасындағы жайсыз жағдай емес ақпараттың баланы суицидке итермелегенiн дәлелдеу өте қиын. ҚР Қылмыстық кодексiнiң 105-шi бабы бойынша өз-өзiне қол жұмсау жағдайына жеткiзгенi үшiн ғана жаза қарастырылған, ал «өлiм сайттары» әкiмшiлерi үшiн қылмыстық жауапкершiлiк тек зардап шеккен азаматты қорқытып, күш көрсеткен жағдайда ғана күшiне енедi», - дедi депутат Асылбек Смағұлов.

Ал, ҚР IIМ вице-министрi Рашид Жақыповтың айтуынша, Iшкi iстер министрлiгi басқа органдармен бiрлесiп, «өлiм сайттарын» анықтап, оларды бұғаттау жұмысын жүргiзiп келедi.

«Депутаттар азаматты ұсыныс, алдау-арбау, ақша беру мен басқа әдiстермен суицидке итермелегендер үшiн қылмыстық жауапкершiлiк енгiзудi ұсынып отыр. Бiз бұл қылмыстың құрамы қандай болатынын және қылмыстық жауапкершiлiктiң қандай болатынын депутаттармен бiрге анықтаймыз», - дедi Жақыпов отырыстан кейiн берген сұхбатында.

Аталған жаңашылдық Қылмыстық кодекске «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигiзетiн ақпараттан қорғау туралы» ҚР Заң жобасы арқылы енгiзiлмек.

0 пікір
Мұрағат