Қазақстанда қандай медициналық қызметке сұраныс көбейгені белгілі болды
Қазақстанда қандай медициналық қызметке сұраныс көбейгені белгілі болды
6 жыл бұрын 2316

Елімізде жыл ішінде денсаулық сақтау саласының қызметіне сұраныс 4%-ға өсті. Оның ішінде психиатриялық клиникаға, стоматолия мен перзентханаға келушілердің саны көбейді, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі energyprom.kz-ке сілтеме жасап. 

Денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы жалақы да 4%-ға көтерілді.

Осы жылдың ІІІ тоқсанында аталған сала мамандары орташа есеппен 107,4 мың теңге айлық алды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,1%-ға көп. Мұнымен қоса, инфляцияның әсерінен бұл салада жалақының сатып алу қабілеті 2,7% төмендеді.

Ең жоғары жалақы Астанада (154 мың теңге, бір жыл ішінде +9,8%-ға), Алматыда (123,4 мың теңге, бір жыл ішінде +6,4%-ға) және Атырауда (116,2 мың теңге, бір жыл ішінде +9,5%-ға көбейген) тіркелді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы» РММ бас директоры Айнұр Айыпханованың айтуынша, қазақстандық дәрігерлердің жалақысы республика бойынша орташа көрсеткіштен бір жарым есеге көбейеді. Мұндай жалақыны медициналық ұйымдардың кем дегенде жартысына беру жоспарланып отыр. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, республикада 2017 жылдың екінші тоқсанында орташа жалақы 149 951 теңгені құрады.

Ал, ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер саласындағы жалақы ІІІ тоқсан қорытындысы бойынша еліміздегі орташа атаулы жалақыдан 27,4% аз.

Дегенмен денсаулық сақтау саласында медициналық қызмет көрсету көлемі жалақымен бірдей 4,1%-ға 255,3 млрд теңгеге дейін өсті.

Оның ішінде аталған қызметтің 18,2%-ы Алматыда, 17,2%-ы Астанада көрсетілген. Еліміздегі жалпы медициналық мекемелердің көбісі осы екі қалада орналасқан.

Бұдан басқа, үздік үштікте ОҚО бар. Бұл өңірде аталған салада қызмет көрсетудің жалпы көлемінен 10,2%-ы көрсетілді.

Тағы да айта кетерлік жайт, елімізде қызмет көрсету көлемі жыл сайын үш бағытта 4,1%-ға өскен. Психиатриялық аурухана (жылма-жыл +19,2%, 2017 жылдың ІІІ тоқсаны бойынша 5 млрд теңге), тіс дәрігерінің қызметіне (+18%, 7,8 млрд теңге) және акушер-гинекологиялық қызметтерге (+11,3%, 16,1 млрд теңге) сұраныс ұлғайды.

Ал, дәрігерге алғашқы көрінудің бағасы жылма-жыл 9,1%, талдаулар 7,3%, құрсақ қуысын ультра-дыбыстық зерттеу 12,3% қымбаттады.

Тіс дәрігерінің қызметінің бағасы (тіс жұлу) бір жыл ішінде 12,9%, уқалау қызметі 6,2%, шипажай қызметі 6,1%-ға көбейді.

0 пікір
Мұрағат