Қазақстанда жылына шамамен 150 мыңдай адам әр түрлі психикалық ауруларға шалдығады
Қазақстанда жылына шамамен 150 мыңдай адам әр түрлі психикалық ауруларға шалдығады
8 жыл бұрын 3435 inform.kz А.Жаппарберген

Қазақстанда жылына шамамен 150 мыңдай адам әр түрлі психикалық ауруларға шалдығады. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында «Әлеуметтік жұмысшылар, мүгедектер және еріктілер қауымдастығы» ҚБ төрайымы Гүлнұр Хәкімжанова мәлімдеді.

Оның айтуынша, психикалық ауруларға шалдыққандардың барлығы бірдей жәрдемақы алуға мүмкіндік беретін құжат рәсімдей бермейді. 

«Психикалық ауруларға шалдыққандардың кейбірі емделіп, айығып кетеді. Ал, елімізде ақыл-есі кем және психикалық ауруларға шалдыққан және мүгедектік рәсімдеген адамдардың саны - 200 мыңнан асады. Ақыл-ойы мешеу тұлғалардың саны 100 мың тұрғынға шаққанда 448,1-ге жетті. Психикалық денсаулығында жіті бұзылыстар туындаған жағдайда мамандандырылған медициналық көмек 35 психикалық денсаулық орталығында көрсетіледі, онда 10 мың төсек орын қарастырылған. Сонымен қатар, 53 медициналық-әлеуметтік мекемеде - жабық интернатта 18 мыңға жуық адам оқшау өмір сүруде», - деді Г. Хәкімжанова.

Сонымен қатар, оның айтуынша, елімізде психикалық ауруларға шалдыққан және ақыл-ойында бұзылыстары бар тұлғаларға  көрсетілетін әлеуметтік қызметтер олардың тұратын жерінде дамымаған, ауыл тұрғындары мұндай қызметке қол жеткізе алмай отыр.

«Осы мәселені шешу мақсатында «Күндізгі жұмыспен қамту қызметінің стандарты» және «Заңнамаға енгізілетін толықтырулар мен өзгерістердің салыстырмалы кестесі» жобасы әзірленді. Бұл толықтырулар мен өзгерістерді алдағы уақытта Үкімет арқылы тиісті заңдарға енгізуге күш саламыз. Басты мақсат - психикалық ауруларға шалдыққан және ақыл-ойында бұзылыстары бар тұлғалардың еңбекке деген құқығын қорғау, оларға белгілі бір мамандықтарды игеруге мүмкіндік беру, - деді Г. Хәкімжанова.   

0 пікір
Мұрағат